×
457.21
534.62
6.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
457.21
534.62
6.08

«50 мың теңге өмір сүруге жете ме?»: депутат жеке сот орындаушыларына шүйлікті

Бүгін, 13:42
«50 мың теңге өмір сүруге жете ме?»: депутат жеке сот орындаушыларына шүйлікті
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жеке сот орындаушылардың әрекетін сынға алып, зейнеткерлердің есепшотын негізсіз бұғаттау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ НЕГЕ ҚИНАЙДЫ?

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жеке сот орындаушыларының жұмысындағы олқылықтарға қатысты депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, жеке сот орындаушы материалды алады. Содан кейін ол кісінің зейнет жасындағы адам екенін түсінеді. Бірақ сонда да есепшотын жауып тастайды, ал зейнеткер ақшасын ала алмай қиналады.

- Адам зейнетақысын шеше алмайды, ал шағымдануға барғанда жеке сот орындаушысы “білмедім” деп құтылып кетеді, зейнеткер екенін білмедім дейді. Қалай білмеген? Ол адам зейнетақы алып отыр ғой. Осылайша, жеке сот орындаушылары қарт адамдарды қинайды. Бізде “сақталатын сома” деген ұғым бар – бұл түсімнің 50%-ы немесе 1 АЕК мөлшерінде. Айтыңызшы, қазіргі жағдайда 50 мың теңге өмір сүруге жете ме? Сонда сот орындаушысы адамға күн көруге небәрі 50 мың теңге ғана қалдырады. Тағы бір мәселе – жеке сот орындаушылары борышкердің жағдайы қиын екенін көріп тұрса да, есепшоттарын бұғаттайды, шетелге шығуына тыйым салады, тіпті көлік жүргізу құқығынан айырады. Көптеген жастар осылай қиналып жүр! Олар қалай өмір сүреді? Қалай табыс табады?,– деп ашуланды депутат. 

БАНК АҚПАРАТ БЕРМЕЙДІ

Депутаттың сауалына Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов жауап берді. Ол бұл мәселені мойындады. Айтуынша, сот орындаушы банк шоты бұғатталған кезде ол шынымен де қандай ақша екенін, айлық па, зейнетақы ма, оны көрмейді. Себебі ондай ақпаратты банк бермейді. Сондықтан да халыққа арнайы шот ашып, ақшаны соған салу керек екенін жиі ескертеді.

-  Арнайы шотқа ешқашан арест қойылмайды. Екінші мәселеге келсек, егер де сот орындаушы шектеу немесе арест қоймаса, оның үстінен қарайтын Әділет органдары, Бас прокуратура жауапкершілікке тартады немесе лицензиясынан айырады. Жұмыс істеп, жалақы алсаңыз, мобильді қосымша арқылы бізге тиісті құжаттарды жіберіңіз, біз бүкіл арестті шешіп береміз, тікелей бухгалтерияға жіберу бағытындағы жұмысты жасап жатырмыз. Осы жұмыстың арқасында 150 мыңнан астам адамның мәселесін шешіп бердік. Әрі қарай да бұл мәселе біздің бақылауымызда болады, – деді спикер. 

Мәжілісмен Нұржан Арынғазиновтың жауабына сенбеді. Сондықтан сұрағын нақтылап қойды.

-  Зейнеткер екенін білмей қалды деген қалай өзі? Ақпараттық жүйелер дамыған. Адамның туған жылы көрінеді, зейнет жасқа шыққан фактісі бар. Қалай білмей қалатынын түсінбедім. Ақпараттық жүйе қайда сонда?, – деп атап өтті Анас Баққожаев.

Нұржан Арынғазиновтің сөзінше, зейнетақы жалпы шотқа түседі. Палата осы мәселені бақылауға алып, интеграция жасайды.

Біз бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу ережелері өзгергенін жазғанбыз. Бұдан былай жинақтағы қаржыны шешіп алғаннан кейін қалатын ақша адамның өмірінің соңына дейін жететіні-жетпейтіні тексеріледі. 

Серіктес жаңалықтары