АҚШ президенті Дональд Трамп өз көмекшілеріне Иранды ұзақ уақытқа оқшаулау шараларына дайындалуды тапсырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БОМБАЛАУ МА, БЛОКАДА МА?
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, соңғы кездесулерде Трамп Иран экономикасына және мұнай экспортына қысымды жалғастыру үшін ел порттарын шектеу арқылы қысым көрсету жөнінде сөз қозғаған.
Ресми дереккөздердің айтуынша, АҚШ басшысы бомбалауды қайта бастау немесе қақтығыстан толықтай шығу сияқты баламаларға қарағанда, блокаданы сақтап қалу тәуекелі төмен деп есептеген.
Дегенмен, мұндай шектеулердің жалғасуы қақтығысты созып, бензин бағасының өсуіне әкеліп, Трамптың рейтингіне кері әсер еткен. Сондай-ақ бұл жағдай республикашылдардың аралық сайлаудағы мүмкіндігін әлсірете түскені айтылған.
ИРАННЫҢ ҰСЫНЫСЫ
Еске салайық, бұған дейін Иран Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуылды тоқтатып, соғысты аяқтауды, ал ядролық келіссөздерді кейінге шегеруді ұсынған еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеуге арналған бұл ұсынысқа наразы, өйткені онда Иранның ядролық бағдарламасы қарастырылмаған.
CNN дерегінше, жағдайдан хабардар екі дереккөз Дональд Трамп бұл жоспарды қабылдауы екіталай екенін айтқан. АҚШ шенеуніктерінің пікірінше, Ормуз бұғазының жұмысын қалпына келтіру уранды байыту мен оның қорына қатысты мәселелер шешілмей жүзеге асса, Вашингтонның келіссөздердегі негізгі ықпал тетігі әлсіреуі мүмкін. Ал бұғаздағы шектеулер сақталса, энергия тасымалдаушылар бағасы әзір арзандай қоймайды, бұл АҚШ-та газ бағасының күрт өсуіне алып келген.