Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза әлеуметтік желіде видео жариялап, жағдайын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОЛ НЕ ДЕДІ?
Блогер видеоны Instagram Stories-те жариялаған. Онда ол жақында Қазақстанға барып қайтқанын, кейін Вьетнамның Нячанг қаласына қайта оралғанын айтқан.
Қазір экстрадиция мәселесі қаралып жатыр. Шешім күтіп отырмын. Сот та, қамау да болған жоқ. Тек көші-қон қызметі паспортты алып қойды. Барлығы жақсы болсын деп тілеп қойыңыздар. Соған үміттенемін. Жақсы күндерде кездескенше! – деді блогер.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамнан Қазақстанға қашан экстрадицияланатынын айтқан болатын.
100 МЛН ЗАҢСЫЗ ТАБЫС ТАПҚАН
Блогерге заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдік тағылған. 2,4 млн оқырманы бар блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық бейнематериалдарын орналастырып, пайдаланушыларды құмар ойындарға қатысуға тартқан.
Ақпаратқа сүйенсек, өз қызметінің нәтижесінде Қайсар Қамза 100 млн теңгеден астам мөлшерде заңсыз табыс тапқан. Ақшалай қаражат оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған.
Бұған дейін блогерге қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда тіркелгені хабарланған болатын. 2025 жылы Туризм және спорт министрлігі Қамзаны заңсыз онлайн-ұтыс ойындарын өткізген құқық бұзушылар тізіміне қосқан еді. Сол кезде оған 1 179 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.
НЕ ҮШІН КҮДІККЕ ІЛІНГЕН?
Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінуде. Күдікті 5 жыл бойы «Instagram» әлеуметтік желісінде, «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ «Telegram»-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған.
Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.
Осылайша, Қайсар Қамза азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған. Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған, – делінген хабарламада.
Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.