3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай Грузия астанасы Тбилисиде жүздеген адам наразылық акциясына шықты. Қатысушылар “Мзияға бостандық!” және “Еуропалық бағытты қолдаймыз!” деген ұрандар көтеріп, журналистердің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді және қамаудағы әріптестерін босатуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz NEWSGEORGIA басылымына сілтеме жасап.
МЕДИАҒА ҚЫСЫМ КҮШЕЙГЕН
Ұйымдастырушылардың айтуынша, елде медиаға қысым күшейген. Журналистерге жасалатын шабуылдар мен оларға қатысты қылмыстық істер саны артқан.
Наразылықтың символына айналған журналист Мзия Амаглобели – “Сахаров” сыйлығының лауреаты. Ол 2025 жылдың басынан бері қамауда отыр. Сот оны Батуми қаласындағы акция кезінде полицейді шапалақпен ұрды деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырған.
БАСПАСӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ТӨМЕНДЕГЕН
“Шекарасыз тілшілер” ұйымының мәліметінше, Грузия баспасөз бостандығы индексінде 180 елдің ішінде 135-орынға түскен. Ел бір жылда 21 сатыға төмендеген.
Ұйым дерегіне сәйкес, 2026 жылы әлемдегі баспасөз бостандығы соңғы 25 жылдағы ең төмен деңгейге жеткен. Елдердің жартысынан астамы “қиын” немесе “өте қиын” санатына енген. БАҚ-қа қысым көбіне заңдар мен сот жүйесі арқылы жасалып отыр.
Қазақстан бұл рейтингте 149-орында тұр. Ал Норвегия көш басындағы орнын сақтап қалды.
Еске сала кетсек, былтыр халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы жыл сайынғы баспасөз бостандығы рейтингін жариялады. Қазақстан бұл тізімде 180 елдің ішінде 141-орынға жайғасқан болатын.