×
$
452.91
€
509.43
₽
5.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.91
€
509.43
₽
5.53

OrdaMed басшысы Грузияда жасырынды ма? 4,5 млрд теңгелік іс бойынша қазақстандық елге қайтарылды

Бүгін, 13:40
OrdaMed басшысы Грузияда жасырынды ма? 4,5 млрд теңгелік іс бойынша қазақстандық елге қайтарылды
Ulysmedia коллажы

Қазақстанға Грузиядан 4,5 млрд теңгелік медициналық жабдықтар дауына қатысы бар деген күдікпен бір азамат экстрадицияланды. Бұл іс OrdaMed компаниясына қатысты тергеумен байланысты болуы мүмкін. Аталған компанияның басшысы Еркін Ділімбетовке бұған дейін іздеу жарияланған еді. Алайда Бас прокуратура елге қайтарылған азаматтың кім екенін ашып айтпады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерде артықшылыққа ие болу үшін заңсыз жолмен отандық тауар өндіруші мәртебесін алған. Ол үшін мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынылған.

Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ер адам бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. Наурыз айында Грузияда ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланды.

– Шетелдік бөлшектерден құрастырылған медициналық техника отандық өнім ретінде мемлекеттік медициналық мекемелерге сатылған. Соның салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілді, – деп хабарлады Бас прокуратура.

Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр. Оған аса ірі көлемдегі алаяқтық, сондай-ақ қолдан жасалған медициналық бұйымдарды өндіру және өткізу айыптары тағылып отыр.

Бұл қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

OrdaMed компаниясына қатысты тергеумен байланыс бар ма?

Қаңтар айында ҰҚК OrdaMed компаниясының басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, кәсіпорын жалған құжаттардың көмегімен медициналық техниканың 28 түрін жеткізу кезінде жеңілдіктерге ие болған. Ал дайын өнім шетелден әкелінген.

Ол кезде мемлекетке келтірілген залал да 4,5 млрд теңгеге бағаланған.

Тінту кезінде құқық қорғау органдары құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталарды тәркілеген. Сондай-ақ OrdaMed, Interdentica және Erkin Brand компанияларындағы үлестерге тыйым салынған.

Техникалық директор, басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары және өндірісті басқару бөлімінің басшысы қамауға алынған.

29 қаңтарда Ulysmedia.kz OrdaMed басқарма төрағасы Еркін Ділімбетовке ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі іздеу жариялағанын хабарлаған еді. Ол туралы ақпарат құқықтық статистика порталында жарияланған.

Бас прокуратура Грузиядан экстрадицияланған азаматтың аты-жөнін ашпады. Ulysmedia.kz редакциясы Еркін Ділімбетовтің елге қайтарылған-қайтарылмағанын анықтау үшін ведомствоға сауал жолдады.

Алайда жауапта тергеуді ҰҚК жүргізіп жатқаны айтылып, күдіктінің кім екені нақтыланбаған.