×
462.91
542.16
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.91
542.16
6.16

Forbes тізімінен банкроттыққа дейін: Нұрбол Назарбаев «тақыр кедей» екенін дәлелдей ала ма?

Бүгін, 11:18
Forbes тізімінен банкроттыққа дейін: Нұрбол Назарбаев «тақыр кедей» екенін дәлелдей ала ма?
коллаж Ulysmedia

Назарбаев әулеті туралы жаңалықтар шықса, көбіне байлық, сарайлар, қымбат мүлік туралы әңгімелер өрбиді. Бірақ бұл жолы жағдай басқаша. Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің баласы Нұрбол Назарбаев мемлекеттен өзін банкрот деп тануды сұрап отыр. 

Болат Назарбаевтың мұрагері бір сәтте құр алақан қалды деу қисынсыз. Бұл – заң аясындағы күрделі процесс. Бір жағында – миллиардтаған қарыз, екінші жағында – бұрын үлкен табыс әкелген бизнес активтері бар. Айта кету керек, Нұрбол Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын елдегі ең ауқатты адамдардың қатарында болған. Енді ол үшінші рет сотқа жүгініп, өзін ресми түрде банкрот деп тануды сұрап отыр.  Ulysmedia.kz тілшісі мұрагердің әрекетін талдап көрді.   

FORBES ТІЗІМІНЕН КЕДЕЙЛІККЕ ДЕЙІН

2025 жылдың күзінен бері Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сотты өзінің қаржылық жағдайының мүшкіл екеніне сендіруге тырысып келеді. 2026 жылдың ақпанында ол үшінші рет өзін банкрот деп тану туралы өтініш берген.

Көктем басындағы деректер бойынша, оның мемлекет алдындағы қарызы 63,7 миллиард теңгеден асып кеткен. Бұл берешек екі негізгі атқарушылық іс жүргізуге бөлінген: 61,8 млрд теңге негізгі қарыз (оның ішінде 55 млрд теңге Арнайы мемлекеттік қорға түсуі тиіс) және тағы 1,6 млрд теңге мемлекеттік баж.

Айта кету керек, бұл сома ел бойынша бірнеше ірі мектеп немесе аурухана салуға жетеді. Енді неге Нұрбол Назарбаевтың әлі күнге дейін қалаған мәртебесіне қол жеткізе алмай отырғанын анықтап көрсек. 

Нұрболдың 2025 жылдың күзіндегі алғашқы екі әрекетін сот не рәсімдік қателіктерге байланысты қараусыз қалдырған, не алдыңғы шешімдерді жоюдан бас тартқан. Тек 2026 жылдың 17 ақпанында адвокаттарының едәуір күш салуының арқасында іс қабылданған. Енді ол қалған мүлкін аукцион арқылы сатып, бес жылға несие алуға тыйым салынатын банкрот мәртебесін күтуде.

Айта кетейік, 2025 жылғы мамырда Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша оның дәулеті шамамен 179 млн доллар деп бағаланған. Ал 2024 жылы ол тізімде 49-орында тұрған. 49-орыннан банкротқа дейін құлдырауы мүмкін бе?

МЕМЛЕКЕТ АЛДЫНДАҒЫ ҚАРЫЗЫ ҚАНША? 

Нұрбол қарыздарын есептеуге тырысып жатқанда, мемлекет Активтерді қайтару комитеті арқылы алдын ала қадам жасап үлгерген. 2025 жылдың қыркүйегінде жабық сот өткен, оның нақты мазмұны жарияланбаған.

Бас прокуратура заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңға сілтеме жасап, мәліметтердің құпия сақталатынын айтқан. Алайда депутаттық сауалдарға берілген жауаптардан белгілі болғандай, шығын көлемі орасан:

  • 57 млрд теңгенің активтері мемлекет пайдасына қайтарылған;
  • 925 млн теңге айыппұл салынған;
  • 230,4 млн теңге өсімпұл есептелген;

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың мәліметінше, Нұрбол Назарбаевтың банк шоттары бұғатталған және компания табыстарын басқару құқығы тоқтатылған. Сонымен қатар, оған шетелге шығуға шектеу қойылып, «қара тізімге» енгізілген.

Яғни, формалды түрде ол – қаржылық тұрғыдан толық шектелген тұлға. Бірақ соған қарамастан, оның құр алақан қалғанына көпшілік сенбейді.

РЕЙДЕРЛІК ХРОНИКАЛАРЫ

Егер Нұрбол Назарбаев жай ғана мұраға қалған активтерін тыныш басқарумен шектелсе, ол туралы көпшілік біле бермес еді. Бірақ оның есімімен бірге барынан айырылған кәсіпкерлердің оқиғалары да қатар айтылады.

Ең шулы әрі шындыққа жанасуы қиын жайттардың бірі – 2022 жылы фермер Ержан Қайрақбаевтың президентке жолдаған видеоүндеуі. Ол жалған құжаттар арқылы өзіне 287 млн теңге қарыз «ілінгенін» мәлімдеген. Оның айтуынша, Нұрболға қатысы бар адамдар одан 148 бас ірі қара, 452 бас ұсақ мал, үш жылқы, екі Lexus көлігін тартып алып, тіпті денесіне пышақ жарақатын салған. Жалпы шығын шамамен 400 млн теңгеге бағаланады.

Тағы бір резонансты іс – PORUS ЖШС-дегі үлеске қатысты. Қарағандылық кәсіпкер Қуат Ерментаев өзінің компаниядағы 16 пайыз үлесінен қысым арқылы айырылғанын айтқан. Іс 2022 жылы қозғалғанымен, екі рет тоқтатылған. Тек 2025 жылдың соңында Бас прокуратура депутаттардың қысымынан кейін істі жабу туралы шешімді жойды.

Ал «Алтын Орда базары» айналасындағы дау – жеке бір дастан. Базардың бұрынғы иесі Айдарбек Хусайынов 2025 жылы Нұрболға қарсы шамамен 15 млрд теңге талап арыз беріп, оны заңсыз баюға айыптады. Оның нұсқасы бойынша, нарықты бақылау Болат Назарбаевқа 2010 жылдардың басында рейдерлік жолмен өткен.

Жалпы алғанда, Нұрболдың «хоббиі» жылжымайтын мүлік, мал және қылмыстық істерді «жинау» сияқты әсер қалдырады. Алайда істердің көбі тоқтатылып отырған.

14 МҰРАГЕРДІҢ ТАЛАСЫ

Болат Назарбаев 2023 жылдың қарашасында өмірден өтті. Артында бизнес-империямен қатар әртүрлі некеден туған шамамен 20 бала қалды. 2014 жылғы өсиет бойынша негізгі мұрагер – үлкен ұлы Нұрбол.

Әкесінің көзі тірісінде активтердің басым бөлігі сыйға беру келісімдері арқылы Нұрболға өткен. Ол Prime Capital Invest және Prime Capital Holding сияқты негізгі құрылымдардың түпкі бенефициары болған.

Алайда ірі әулетте басқа да үміткерлер табылды. Кемінде 14 мұрагер жер, бизнес-орталықтар мен үйлерді бөлісуге қатысты дауласып жатыр. Даулардың бірі Алматыдағы BNC Plaza бизнес орталығы орналасқан жер теліміне қатысты – туыстары бұл жер заңсыз рәсімделгенін алға тартқан.

Отбасылық тартыстар әлі де жалғасуда. Осы аралықта Нұрбол банкроттық арқылы қарыздарын есептен шығарып, кредиторларға ештеңе қалдырмауға тырысып отыр деген пікір бар.

ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ 

Ашық дереккөздерге қарағанда, Нұрбол Назарбаев – көпшілікке таныс емес тұлға. Ол сұхбат бермеген, фотосуреттері де аз. 

Ол 2017 жылы полиция полковнигі шенімен құқық қорғау органдарынан кеткен. Бұған дейін прокуратура мен тергеуде жұмыс істеген. Кейін қысқа уақыт ішінде долларлық миллионерге айналған. Forbes деректеріне сәйкес, бірнеше жыл ішінде оның байлығы 160-179 млн доллар шамасында бағаланған.

Ел Қайрат Боранбаев ісі сияқты резонансты оқиғаларды талқылап жатқанда, экс-президенттің бұл туысы өз қаржылық схемасын жүзеге асыруға тырысқан. Алайда кейін мемлекет оның 57 млрд теңге активін қайтарып алып, шоттарын бұғаттады.

Қазір ол елден шыға алмайды және сотта өз қарыздарының қалған мүлкінен де асып түсетінін дәлелдеуге мәжбүр.

Бір кезде оның артында – елдің тұңғыш президенті тұрса, бүгінде – шоттарын бұғаттаған сот орындаушылары тұр. Шынымен де, «өзгерістер дәуірінде өмір сүру оңай емес».

НҰРБОЛ НАЗАРБАЕВ КІМ?

Ол – фамилиясы арқылы байып, сол фамилиясы арқылы бар табысынан айырылған жан.

1983 жылдың 14 қарашасында Алматы облысындағы Шамалған ауылында дүниеге келген. Бұл – ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жолы басталған жер. Бірақ ағасы ел индустриясын дамытса, Нұрбол дайын жолмен мансап құрды.

2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқық бакалавры дәрежесімен тәмамдады. Қарапайым түлек сияқты көрінгенімен, оның прокуратураға келуі жайлы даулы пікірлер айтылды –  кейбір БАҚ оның прокурор болуға деген тілегі заңды айналып өтіп орындалғанын жазған. Қалай болғанда да, ол жүйеге енді.

Одан кейінгі жол –  классикалық мансап сатысы: прокурор көмекшісі, облыстық деңгейдегі прокурор, кейін тергеу мен полициядағы басшылық қызметтер. 2017 жылы полиция полковнигі шеніне дейін көтеріліп, Алматы облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметіне дейін жетті.

14 жыл қызмет барысында медальдар мен төсбелгілер алғанымен, ең маңызды «капиталы» – байланыстар болды. Кейін дәл осы байланыстар миллиондарға айналды.

2017 жылы ол кенеттен қызметтен кетіп, бизнеске өтті. Көп ұзамай әкесіне тиесілі болған Prime Capital Holding инвестициялық қорының бақылау кеңесінің төрағасы атанды. Ал Forbes Kazakhstan дерегі бойынша, 2024 жылы оның дәулеті шамамен 170 млн доллар, ал 2025 жылдың мамырында 179 млн доллар болып, рейтингте 57-орынға жайғасты.

Соған қарамастан, ол көпшілікке жабық тұлға болып қалды – сұхбат та жоқ, фотосурет те жоқ. Тек анықтамалықтардағы қысқа мәліметтер мен әкесінен сыйға берілген ірі активтер ғана белгілі.

Оның активтері де ауқымды: Алматы ауыр машина жасау зауыты сияқты кәсіпорындарға қатысу, жылжымайтын мүлік және ауыл шаруашылығы саласындағы ондаған компания. Қарасай ауданында мыңдаған гектар жер, құс фабрикалары, мейрамханалар және «Бахар-А» сауда үйі бар.

Алайда бұл «империя» бірнеше бағыттан қысымға ұшырады:

  • кәсіпкер Қуат Ерментаевтың рейдерлік туралы шағымдары;
  • фермердің шабуыл туралы мәлімдемесі;
  • депутаттық сауалдар және ең бастысы – мемлекет тарапынан 57 млрд теңге активтің қайтарылуы;

Шоттары бұғатталып, елден шығуына шектеу қойылған соң, ол күтпеген қадамға барды – өзін банкрот деп тануды сұрады.

Парадокс айқын: полиция полковнигі, ІІД басшысының орынбасары болған адам енді соттан өзінің төлемге қабілетсіз екенін дәлелдеуге тырысып отыр.

БҰЛ СОҢЫ ЕМЕС

Егер сот оның банкроттық туралы өтінішін қанағаттандырса, қалған мүлкі сатылымға шығарылады. Бірақ бір маңызды жайт бар: мемлекет алдындағы қарыздар мен қылмыстық істер бойынша өтемақылар банкроттық арқылы жойылмайды.

Сонымен қатар,  рейдерлік бойынша шағымдар әлі қаралуда және мұрагерлік даулар да жалғасып жатыр.

Яғни бұл оқиғаның нүктесі әлі қойылған жоқ.

Бір нәрсе анық: бұрынғыдай бірінші президенттің туысы болу – қаржылық және құқықтық мәселелерден толық қорғайтын «қалқан» емес.

Серіктес жаңалықтары