×
462.91
542.16
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.91
542.16
6.16

ЖИ игеру жарысы: Қазақстан цирфлық мемлекетке айнала ала ма?

Бүгін, 15:13
ЖИ игеру жарысы: Қазақстан цирфлық мемлекетке айнала ала ма?
Фото: Ақорда

Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөнінде кеңес өткізді. Президенттің айтуынша, қазіргі өзгерістер XIX-XX ғасырлардағы индустриялық революциямен салыстыруға келмейді. Өйткені оның жылдамдығы мен ауқымдылығы соншалық, физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара жойылып барады.

Ulysmedia.kz кеңесте талқыланған негізгі мәселелерге шолу жасады. Президент үкіметке қандай талап жүктеді? 

ЦИФРЛЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ ҮЛЕСІ НАҚТЫ ЕМЕС

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде әлем технологиялық трансформацияның мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанына назар аударды. 

– Алдымызға Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойдық. Тиісті институционалдық алғышарттар мен базалық инфрақұрылым қалыптасты. Енді жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына енгізуіміз қажет. Бұл ретте «технологиялық сақтық шараларын» басшылыққа алып, ұлттық мүддені де ұмытпаған жөн, – деді Президент.

Оның айтуынша, Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады.

– Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізгені жөн, – деді Мемлекет басшысы.

ОРТА ТАБЫС ДАҒДАРЫСЫ 

Президенттің пікірінше, жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең «технологиялық алшақтықты» қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек.

– Еліміз классикалық «Орта табыс дағдарысына» тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс. Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орайда мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді. Негізі, аталған цикл бірнеше секундқа дейін қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы жеделдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

ҮКІМЕТ ЦИФРЛЫ АКТИВТЕРДІ ДАМЫТУЫ КЕРЕК

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты. Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді. Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.

– Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, бұл Қазақстанның дүние жүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс. Былтыр елімізде алғаш рет цифрлық активтер мен криптовалютаны реттейтін құқықтық база қалыптасты. Жылжымайтын мүлікті, алтынды, ірі өндіріс кәсіпорындарының акцияларын және басқа да активтерді токенизация жасауға мүмкіндік пайда болды. Мақсатымыз – аймақтағы жетекші криптохабқа айналу. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың басты бағыттарын бекіткені жөн. Бұл – шұғыл міндет, уақыт күтпейді. 

ДЕМОГРАФИЯҒА СЕНІМ АРТУҒА БОЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысының айтуынша, зияткерлік капиталды күшейтіп, еңбек өнімділігін арттырмаса, тек демографиялық өсім бәсекеге қабілетті ел болуға кепілдік бермейді.

– Кеңестің осыған дейінгі отырысында қабылданған шешімге сай биыл Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік құру арқылы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуды қолға алдық. Бірнеше жобаның тізімі жасалды. Олар барынша жедел таратылуға тиіс. Үкімет қысқа мерзім ішінде «ғылымнан нарыққа дейінгі» кезеңдерді түгел қамтитын тізбек жасауы керек. Алдымызда қолданбалы әзірлемелерді тез арада коммерцияландыру, салықтық ынталандыру және келешегінен көп үміт күттіретін жобаларды бірлесе қаржыландыру құралдары қарастырылған толыққанды венчурлық экожүйе қалыптастыру міндеті тұр. Мұндай пәрменді тетік болмаса, ғылыми әлеуетіміз тек академиялық ортамен шектеліп қалады, – деді Мемлекет басшысы.

КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖІТІ ҚАДАҒАЛАНУ КЕРЕК

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік жіті қадағаланбаса, кез келген инфрақұрылым сыр беретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлттық технологиялық өнімнің бәріне қауіпсіздік стандарттарын енгізу керек. Дербес деректерді қорғау міндеті Конституцияда нақты бекітілді. Сондықтан бұл жұмыс құпиялық, тұтастық, қолжетімділік қағидаттарына негізделуі қажет. Мемлекеттік цифрлық қызметтердің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі – басты талаптың бірі. Ашықтық, жаһандық интеграция және ұлттық мүдде арасындағы теңгерімді сақтау – айрықша маңызды.

– Мемлекет осы жұмысты тиімді ұйымдастырғаны дұрыс. Цифрлық қауіпсіздік мәселесі виртуалды кеңістік ауқымынан әлдеқашан шығып кетті. Таяу Шығыстағы оқиғалар жаһандық тәртіптің осал тұстарын айқындап берді. Өкінішке қарай, бүгінде дамыған елдердің цифрлық инфрақұрылымына қатер төніп тұрғаны жасырын емес. Мұндай жағдайда халықаралық бизнеске қауіпсіздік ауадай қажет. Жаһандық технологиялық қауымдастық үшін институттар мен құқықтық жүйенің тұрақты, ал цифрлық инфрақұрылымның сапалы болғаны өте маңызды. Қазақстанды «цифрлық хабқа» айналдыру жөнінде міндет қойдық. Демек осы талаптың үдесінен шыға білу қажет, – деді Президент.

Серіктес жаңалықтары