×
464.53
543.73
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.53
543.73
6.15

Қазақстандықтар Еуропаның қанша еліне тікелей ұша алады?

Бүгін, 15:04
Қазақстандықтар Еуропаның қанша еліне тікелей ұша алады?
фото: ашық дереккөзден

Соңғы жылдары Қазақстаннан Еуропаға тікелей рейстер саны көбейді. Бұл елдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономика мен туризмге жаңа серпін беруде.

Қазақстанның әуе нарығында қандай өзгерістер болып жатыр? Еуропаға тікелей қанша рейс ашылды? Ulysmedia.kz жолдаған бұл сауалдарға Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті жауап берді.

ЕУРОПАҒА ҚАНДАЙ РЕЙСТЕР БАР?

Комитеттің мәліметінше, бүгінде Қазақстаннан Еуропаның бірқатар ірі қалаларына тұрақты тікелей рейстер орындалады.

«Қазіргі уақытта Қазақстаннан Еуропаның бірқатар бағыттары бойынша тікелей тұрақты рейстер орындалады. Атап айтқанда, Ұлыбританияға Лондон қаласына аптасына 3 рейс (Air Astana), Германияға Франкфурт қаласына аптасына 13 рейс (Air Astana, Lufthansa), Польшаға Варшава қаласына аптасына 4 рейс (LOT Polish Airlines), Чехияға Прага қаласына аптасына 2 рейс (SCAT Airlines), Венгрияға Будапешт қаласына аптасына 1 рейс (SCAT Airlines), Сербияға Белград қаласына аптасына 2 рейс (SCAT Airlines) жүзеге асырылады», – делінген жауапта.

Министрлік бұл бағыттардың тек туристік емес, іскерлік және транзиттік маңызы да жоғары екенін атап өтеді. Яғни, Қазақстан тек соңғы нүкте емес, Еуропаға өтетін аралық хаб ретінде де қалыптасып келеді.

ЖОЛАУШЫЛАР САНЫ АРТҚАН

Саладағы серпінді өсім жолаушылар статистикасынан анық байқалады.

«Соңғы жылдары Қазақстаннан, оның ішінде еуропалық бағыттар бойынша рейстердің жиілігі мен қолжетімділігі айтарлықтай артты. Бұл маршруттық желінің кеңеюімен және халықаралық рейстер санының өсуімен байланысты. Статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстан әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылардың жалпы саны 2021 жылғы 18,2 млн адамнан 2025 жылы 31,8 млн адамға дейін өсті», – деп хабарлады комитет.

Бұл көрсеткіштер бірнеше маңызды үрдісті көрсетеді. Біріншіден, халықтың ұшу мәдениеті өзгеріп, әуе көлігі бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Екіншіден, халықаралық мобильділік артып, Қазақстан азаматтарының шетелге шығу және елге келу ағыны күшейді.

«Бұл ретте Қазақстанның негізгі авиациялық хабтары Алматы және Астана әуежайлары болып табылады, олар арқылы халықаралық жолаушылар ағынының басым бөлігі өтеді және маршруттық желінің одан әрі дамуы қамтамасыз етіледі»,– дейді министрлік.

Осы тұрғыда Алматы халықаралық әуежайы мен Астана халықаралық әуежайы елдің басты авиациялық қақпасы ретінде орнықты.

ҚАЗАҚСТАННАН 26 ЕЛГЕ ҰШАДЫ

Қазақстан авиация нарығына шетелдік әуе компанияларының қызығушылығы жоғары деңгейде сақталып отыр.

«Қазақстанның авиация нарығында шетелдік әуе компаниялары тарапынан халықаралық рейстерді орындауға және қолданыстағы бағыттардағы қатысуын кеңейтуге қызығушылық сақталуда. Бұл қолданыстағы маршруттық желімен қатар, халықаралық бағыттарды қызмет көрсетуде шетелдік әуе тасымалдаушыларының қатысуымен де расталады. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстаннан халықаралық рейстер 26 елге 117 бағыт бойынша аптасына жалпы жиілігі 586 рейсті құрай отырып орындалады», –  делінген комитет жауабында.

Нарықта Turkish Airlines, Pegasus Airlines, AJet, Lufthansa, LOT Polish Airlines, Air Arabia, flydubai, Air China, China Southern Airlines, China Eastern Airlines, LoongAir, VietJet Air, Thai AirAsia X, Hunnu Air секілді ірі тасымалдаушылардың болуы – Қазақстанның ашық әрі перспективалы нарық екенін айғақтайды.

Бұл жерде елдің географиялық орналасуы шешуші фактор болып отыр.

ҚАНДАЙ ЖАҢА РЕЙС АШЫЛАДЫ?

Министрлік авиация нарығын либерализациялау бағытындағы негізгі құралдардың бірі ретінде «ашық аспан» режимін атап өтті.

«2026 жылы бұрын орындалған рейстерді қайта жандандыру және Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс, Еуропа және Азия елдеріне жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашу жоспарлануда. Шетелдік әуе тасымалдаушыларды одан әрі тарту мақсатында Қазақстанда 17 халықаралық әуежайға қолданылатын “ашық аспан” режимі енгізілген», – делінген жауапта.

Дегенмен, бұл саясат толық еркіндік береді деген сөз емес. Нарықтағы шешімдер әлі де бизнес логикасына тәуелді. Яғни мемлекет жағдай жасайды, бірақ нақты бағыттарды нарықтың өзі анықтайды.

Еуропа бағыттарының кеңеюі, жолаушылар санының күрт өсуі және халықаралық тасымалдаушылардың қызығушылығы –  елдің авиациялық картадағы орнын күшейтіп отыр.

Алайда бұл өсімнің ұзақ мерзімді тиімділігі инфрақұрылым сапасына, әуежай сервистеріне және ішкі нарықтағы бәсекелестікке тікелей байланысты. 

КОНТЕКСТ

Біз бұған дейін Қазақстаннан Америкаға тікелей рейстің қашан ашылатынын жазғанбыз. Бұл бағыттарда көбіне халықаралық ірі әуе компаниялары қызмет көрсетеді, ал отандық тасымалдаушы серіктестік рейстер арқылы қосылады. Мұндай сапардың жалпы ұзақтығы әдетте 22-24 сағатқа созылады, кей жағдайда 25 сағаттан да асып кетуі мүмкін. Ал егер Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс болған жағдайда, ұшу уақыты шамамен 13-14 сағаттың айналасында болар еді. Яғни қазіргі жүйе жолаушылардың уақытын екі есеге жуық ұзартып отыр.

Сонымен қатар, АҚШ азаматы Майкл Дэниел бүгін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның бас атқарушы директоры болып тағайындалды.

 

Серіктес жаңалықтары