Әнші Тамара Асардың күйеуінің бұрынғы жары Эльвира Жүсіпбекова әлеуметтік желіде ортақ бизнес және балалар құқығы туралы мәлімдеме жасады. Ол экс-күйеуін жауапкершіліктен қашты деп айыптады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЭКС-ӘЙЕЛІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Эльвира Жұмаш Бекмырзаны Тұрсын Алагөзовпен салыстырды. Айтуынша, «Астық» компаниясының негізі олардың заңды некеде жүрген кезінде қаланған. Ол зауыттың құрылуына өз отбасының да еңбегі сіңгенін айтып, бүгінде бұрынғы күйеуінің балаларымен араласпай кеткеніне қынжылатынын жеткізді. Әсіресе, балалардың білім алуына, медициналық қажеттіліктеріне жеткілікті қолдау көрсетілмей отырғанын жазған.
– Тұрсынғали Алагөзов сияқты әке өз балаларын қамтамасыз етіп қана қоймай, қызметкерлеріне пәтер сыйлап жүр. Ал «Астық» компаниясының иесі бұрынғы некесінен туған кәмелетке толмаған балаларының мектептегі оқу ақысын төлеуден бас тартып, табысын жасырып, соттасып жүр, – дейді Эльвира Жүсіпбекова.
АТЫ-ЖӨНІН ӨЗГЕРТІП ЖІБЕРГЕН
Эльвира әлеуметтік желідегі жазбасында қазіргі таңда алимент көлемі балалардың лайықты өмірі мен сапалы білім алуына жеткіліксіз екенін де атап өтті. Оның пікірінше, балалар әкесінің бизнесінен түсетін табысқа заңды түрде үлес алуға құқылы.
– Компания құрғаннан кейін сегіз жыл өткенде ол Тамара Асарға үйленіп, бүкіл бизнесті өзімен бірге алып кетті. Бұл кәсіп дәл біздің отбасылық өміріміз кезінде құрылды. Мен оның некеден тыс туған ұлын 11 жастан 18 жасқа дейін өз баламдай тәрбиеледім. Ал ол өз кезегінде екінші некесінен туған үлкен қызына қамқор болды. Алайда қазіргі таңда ол аты-жөнін өзгертіп, біздің некеден туған балаларымен мүлде араласпайды. Балалардың еміне де, оқуына да, басқа да қажеттіліктеріне ешқандай көмек көрсетпейді, – дейді Эльвира.
Айтуынша, ажырасуға Жұмаш Бекмырза өтініш білдірген. Кейін бұрынғы әйелін табыссыз қалдырыпты.
– Ажырасуға өзі өтініш беріп, мені 40 жасқа таяғанда табыссыз қалдырды. Зауыттағы жалақымды тоқтатып, оның орнына алимент тағайындады. Бірақ ол алимент балаларға лайықты білім беруге де жетпейді. Әкесі осы зауытты заңды некеде жүріп салған балалардың сол кәсіпорын табысынан алимент алуға толық құқығы бар. Бұл жағдай бір жағынан Баян Мақсатқызы секілді дана әйелдің ер азаматтың абыройын қалай көтере алатынын, ал екінші жағынан басқа бір әйелдің сол абыройды қалай жерге түсіре алатынын анық көрсетті,– дейді Эльвира Жүсіпбекова.
Оның пікірінше, өз балаларыңның бақыты үшін өзге балалардың несібесін тартып алу ешқашан шынайы бақыт әкелмейді.
– Мен бұл туралы айтудан ұялмаймын. Керісінше, өздерін «иманды», «тәрбиелі отбасы» ретінде көрсететін жандар ұялсын. Қажылыққа барып, шетел аралап, әр сахналық шығуына қымбат костюм алып, люкс көлік мініп, мейрамханаларда тамақтанып жүрген адамдар – соның ішінде менің балаларымның ақшасына өмір сүріп отырғанын ұмытпау керек,– дейді Эльвира.
ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Желідегі жұрт бұл жазбаны қызу талқылап жатыр. Бірі жалғызбасты анаға екі баланы оқытудың қаншалықты қиын екенін айтса, енді бірі Жұмаш Бекмырзаны қаралаудың дұрыс еместігін жеткізуде. Соның ішінде Әсел Жүсіпбекова бұрынғы жеңгесінің өтірік айтып отырғанын жазыпты.
– Ажырасқанда бірнеше пәтерді, қала орталығындағы коттеджді, сұлулық салонын және премиум көлікті саған қалдырды. Балаларға көмектесті және әлі де көмектесіп келеді,– дейді ол.
Бірақ көп ұзамай бұл пікірге Эльвира Жүсіпбекова жауап берді.
– Егер ағаң алиментті дұрыс төлемеу үшін, табысын жасырып, менімен некеде жүріп салынған зауытқа өзін емес, сені құрылтайшы етіп қойған соң бәрінен құтылып кетеміз деп ойласаң қателесесің. Бұл ештеңені өзгертпейді,– деп жазды.
ЖҰМАШ БЕКМЫРЗА КІМ?
Жұмаш Бекмырза танымал кәсіпкер, «Астық» атты элеваторлық жабдықтарға қызмет көрсететін компанияның негізін салушы. Зауыттың іргетасы 2012 жылы қаланып, 2014 жылы толық іске қосылды.
Ол көпшілікке әнші Тамара Асардың жұбайы ретінде де танымал.
Оның бұрынғы аты-жөні – Жүсіпбеков Жұмабек Айтжанович, кейін есімін Бекмырза Жұмаш Айтжанұлы деп өзгерткен.
Ашық ақпарат көздерінде ол туралы толық ақпарат жоқ. Былтыр үлкен ұлы Әлішер көлік апатынан қаза болған.