Қазақстанда бүгінде 10 044 673 ер азамат тұрады. 2025 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ерлердің басым бөлігі еңбекке қабілетті жаста, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЙМАҚТАРДАҒЫ АЗАМАТТАР САНЫ
Атап айтқанда, 0-15 жас аралығындағы ұл балалар жалпы ерлер санының 30,2%-ын құраса, 16-60 жас аралығындағы азаматтар үлесі 56,5%-ға жетеді. Ал 61 жастан асқан ерлердің үлесі – 13,3%.
Ер азаматтар ең көп шоғырланған өңірлердің қатарында Алматы мен Түркістан облысы бар. Бұл өңірлердің әрқайсында шамамен 1,1 млн ер адам тұрады. Сонымен қатар Алматы облысында 806,5 мың, ал Астанада 785,4 мың ер азамат тіркелген.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы ерлердің орташа жасы 31,1 жасты құрайды. Ал ер азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 72,19 жыл.
ҚАЙ САЛАДА КӨП?
Еңбек нарығында да ерлердің үлесі жоғары. 2025 жылғы дерек бойынша, жұмыспен қамтылған халықтың 51,6%-ы немесе 4,8 млн адам – ер азаматтар. Жалдамалы жұмысшылар арасындағы ерлердің үлесі 50,6% болса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында бұл көрсеткіш 55,1%-ға жетеді.
Салалар бойынша қарағанда, ер азаматтар ең көп еңбек ететін бағыт – өнеркәсіп саласы. Мұнда жұмыспен қамтылған ерлердің үлесі 16,5%-ды құрайды. Одан кейін көтерме сауда –14%, ауыл шаруашылығы – 12,4%, көлік және қоймалау саласы – 11,1%. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің 54,7%-ы ер адамдар.
Жас ерекшелігіне келсек, еңбек нарығындағы ең белсенді топ – 35-44 жас аралығындағы азаматтар. Бұл санатта 1,4 млн ер адам жұмыспен қамтылған.
ҚАНДАЙ ЕСІМ ТАНЫМАЛ?
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Қазақстанда ұл балаларға ең жиі қойылған есім – Алан болды. Статистикаға сәйкес, бұл есім 817 сәбиге берілген.
Ең танымал ер балалар есімдерінің алғашқы бестігіне сондай-ақ Айсұлтан, Алихан, Мұхаммед және Рамазан есімдері енді.