×
465.01
543.55
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
465.01
543.55
6.15

«Сіз кімсіз, А. мырза?»: депутат автомектептердегі көлеңкелі қаржы айналымына шүйлікті

Бүгін, 15:40
«Сіз кімсіз, А. мырза?»: депутат автомектептердегі көлеңкелі қаржы айналымына шүйлікті
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай автомектептердегі көлеңкелі қаржы айналымы мәселесін көтерді. Ол жүргізуші куәлігін алу барысында азаматтардан ресми оқу ақысынан бөлек, QR-код арқылы 8,5 мың теңге көлемінде қосымша төлем талап етілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ДЕЛДАЛЫҚ СХЕМА МА?

Депутаттың айтуынша, бұл төлемнің автомектепке де, мемлекеттік жүйеге де қатысы жоқ. Сонымен қатар, жыл сайын жүргізуші куәлігін алуға шамамен 670 мың адам өтініш беретінін атап өтті. Оның есебінше, әр азаматтан жиналатын қаражат көлемі жылына 5-6 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.

«Қазір әрбір азамат жүргізуші куәлігін алу үшін шамамен екі жарым ай автомектепте оқуға міндетті. Бұл – дұрыс. Бірақ одан бөлек, автомектеп ішінде QR-код арқылы 8,5 мың теңге төлеу талап етіледі. Бұл төлемнің автомектепке де, ресми жүйеге де қатысы жоқ», – деді депутат.

Оның айтуынша, бұл қаражат шетелде тұратын жекелеген тұлғаның пайдасына түсіп жатыр деген ақпарат бар. Мұндай жағдай көлеңкелі қаржы айналымы мен ықтимал делдалдық схемаларға ұқсайды емес пе? Автомектептер арқылы әр азаматтан міндетті түрде қосымша қаражат жинау кімнің бастамасы?

«Шетелде тұратын А. есімді тұлғаның мұндай көлемдегі жүйені жалғыз өзі ұйымдастыруы мүмкін емес деген пікір бар. Демек, бұл процесте өзге де мүдделі тараптардың болуы ықтимал ба? Санжар мырза, менің сұрағым: осы заңсыз қаржы айналымын қашан тоқтатасыздар? Бұған қатысты бұған дейін ресми тексеріс басталатыны айтылған еді. Қазіргі таңда тексеріс қай кезеңде және қашан нақты нәтижелер күтіледі?», –деді Мақсат Толықбай.

ТЕКСЕРІС БАСТАЛДЫ

Депутат мұндай схеманың артында ұйымдасқан құрылым болуы мүмкін екенін айтып, жауапты органдардан нақты шаралар қабылдауды талап етті. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе бойынша тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Бұл мәселе жұмыс топтарында да айтылған. Қазіргі таңда Әкімшілік полиция комитеті тарапынан қызметтік тексеріс басталды. Біз мұндай делдалдар мен заңсыз төлемдерге жол бермеу керек деп санаймыз. Тиісті шаралар қабылданады», –  деді Әділов.

Бұған дейін Қазақстанда көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу тәртібіне қатысты жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жазғанбыз. 

Серіктес жаңалықтары