Қазақстанда сөйлеу мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын блогерлерге грант беру туралы депутат ұсынысына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЛОГЕРЛЕРГЕ НЕ ҮШІН АҚША БӨЛЕДІ?
Сәуір айында депутат Құдайберген Бексұлтанов Қазақстанда дөрекілік пен агрессия үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқанын айтып, бірқатар шара ұсынды.
Қазақстандық қоғамдағы агрессиямен күресу үшін депутат көшелердегі бейнебақылау жүйелері арқылы агрессивті мінез-құлықты анықтауды ұсынды.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік тапсырыс арқылы зиялы қазақстандықтың образын насихаттауды да ұсынған болатын.
«Сөйлеу мәдениеті мен ұлттық әдебиетті білуді насихаттайтын блогерлер мен инфлюенсерлерге грант бөлуді қарастыру қажет», – деді сол кезде Бексұлтанов.
Ол Қазақстанда мәдениетті болу бедел саналатын, ал дөрекі болу әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын орта қалыптасуы керек екенін қосты.
МИНИСТРДІҢ ЖАУАБЫ
Мәжіліс депутатының сауалына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жауап берді.
«Мемлекеттік тапсырыстың басым бағытын зиялы әрі табысты қазақстандықтың образын насихаттайтын контент жасауға бұру мәселесіне келсек. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру 2026 жылға арналған бекітілген тақырыптық бағыттар аясында жүзеге асырылады. Депутаттық сауалда көтерілген тақырыптар қазірдің өзінде қолданыстағы тақырыптық бағыттарда қамтылған», – деп жауап берді министр.
Оның айтуынша, бұл ұсыныстар «Рухани құндылықтар және патриоттық тәрбие», «Әлеуметтік-демографиялық даму», «Еңбек адамы», «Білім және ғылым» бағыттарында қарастырылған.
«Сөйлеу мәдениеті мен ұлттық әдебиетті білуді насихаттайтын блогерлер мен инфлюенсерлерге грант бөлу мәселесіне қатысты айтар болсақ, Мәдениет министрлігі «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттік емес БАҚ-қа отандық контентті дамыту, ақпараттық егемендікті нығайту және қорғау үшін гранттар ұсынады. Мемлекеттік қолдау жастар саясаты, білім мен кітап оқу мәдениетін насихаттау, тіл саясатын дамыту, педагог мамандығының беделін арттыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды ілгерілету сияқты бағыттар бойынша отандық контентті дамытуға бағытталған», – деп қосты министр.