×
463.41
546.27
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.41
546.27
6.18

Қазақстандық шенеуніктердің айлық табысы белгілі болды

Бүгін, 10:10
Қазақстандық шенеуніктердің айлық табысы белгілі болды
коллаж Ulysmedia

Астанадағы шенеуніктердің орташа жалақысы 618 мың теңгеге жеткен. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен едәуір жоғары. Ал ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 245 мың теңге шамасында ғана. Сонымен бірге мемлекеттік сектордағы кей мамандар 100 мың теңгеден аз жалақы алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұлттық статистика бюросы жыл сайын қазақстандықтардың жалақысы туралы түрлі мамандықтар мен қызметтер бойынша деректер жинағын жариялап отырады. Алайда 2025 жылдан бастап есептен қандай да бір себеппен әкімдердің, министрлердің және парламент депутаттарының жалақысы туралы мәліметтер алынып тасталған. Сондықтан мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында кімдердің ең жоғары жалақы алатынын анықтағанда, ең көп табыс табатын лауазым иелері бұл тізімге енбей қалғанын ескерген жөн. 

ЕҢ ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫНЫ КІМ АЛАДЫ?

Finprom зерттеуінше, ең жоғары жалақы алатын он мамандықтың көшін судьялар бастап тұр. Былтыр олардың жалақысы 1 миллион теңгеден асқан. Екінші орында мемлекеттік басқару секторындағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейтін сапаны бақылау инженерлері орналасқан. Олардың жалақысы 835,5 мың теңгені құраған. Үздік үштікке сондай-ақ 795,6 мың теңге жалақы алған ревизиялық комиссия төрағалары кірді.

Жоғары жалақы алатындардың қатарында орталық атқарушы органдардың басшылары, департамент пен басқарма жетекшілері, сондай-ақ түрлі деңгейдегі сарапшы-мамандар да бар.

АСТАНА АЙЛЫҚТЫ КӨП ТӨЛЕЙДІ

2025 жылғы мәлімет бойынша мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең жоғары орташа айлық жалақы Астанада тіркелген. Елордадағы шенеуніктердің орташа номиналды жалақысы 618 мың теңгеге жеткен. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 66 пайызға жоғары.

Екінші орында Алматы қаласы тұр – 418 мың теңге. Қалған өңірлер айтарлықтай артта қалған. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 373,8 мың теңге болса, Алматы облысында – 357,5 мың теңге, Ақмола облысында – 349,4 мың теңге болған.

Астананың көш бастауына бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен, мұнда республикалық деңгейдегі министрліктер мен орталық мемлекеттік органдар шоғырланған. Сонымен қатар жоғары лауазымды және тәжірибелі кадрлардың басым бөлігі де елордада жұмыс істейді.

ӨҢІРЛЕРДЕ ҚАНДАЙ?

Жамбыл облысында мемлекеттік сектор қызметкерлерінің орташа жалақысы небәрі 301,9 мың теңгені құраған. Бұл Астанамен салыстырғанда екі есеге жуық аз. Төмен көрсеткіштер Шымкентте, Павлодар және Абай облыстарында да байқалған.

Бір қызығы, мемлекеттік қызмет жүйесі біртұтас болғанымен, өңірлік табыс айырмашылығы өте үлкен. Бұл тек аймақтық коэффициенттермен емес, мемлекеттік аппарат құрылымының орталықтандырылуымен де байланысты.

Мысалы, республикалық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің орташа жалақысы 764,1 мың теңгеге жеткен. Ал жергілікті атқарушы органдарда бұл көрсеткіш 396 мың теңге ғана. Ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметкерлердің орташа табысы тіпті 245,9 мың теңгені құраған.

Яғни бір мемлекеттік жүйенің ішінде табыс көлемі үш есеге дейін өзгереді.

ОРТАША ЖАЛАҚЫ ҚАНША ТЕҢГЕ?

Ресми статистикадағы ең үлкен мәселенің бірі – орташа жалақы көрсеткішінің нақты картинаны толық ашып көрсетпеуі. Мәселен, мемлекеттік сектордағы орташа жалақы 372,2 мың теңге деп есептелгенімен, Қазақстандағы модальды жалақы, яғни ең жиі кездесетін нақты табыс көлемі небәрі 223,2 мың теңге болған.

Бұл дегеніміз, көптеген мемлекеттік қызметкерлердің нақты табысы ресми орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

Сондықтан Астанадағы 618 мың теңгелік жалақы статистикада жоғары көрінгенімен, бұл барлық шенеуніктер дәл осындай табыс алады дегенді білдірмейді. Керісінше, жоғары лауазымды қызметкерлердің жалақысы орташа көрсеткішті күрт көтеріп отыр.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ

Ал мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру санатындағы ең төмен жалақы алатындар қатарына қарапайым жұмысшы мамандықтары енген. Әрине, бұл қызмет иелерін классикалық мағынада шенеунік деуге келмейді. Дегенмен Ұлттық статистика бюросының есептерінде олар да ресми түрде мемлекеттік басқару секторына жатқызылған.

Олардың қатарында:

  • техникалық қолдау қызметкерлері - 90,4 мың теңге;
  • хатшылар - 106,5 мың теңге;
  • жүргізушілер - 112,9 мың теңге;
  • аула сыпырушылар - 120,7 мың теңге;
  • компьютер операторлары - 124,7 мың теңге алған.

Жарияланған статистика мемлекеттік сектор ішіндегі айырмашылықтың жылдан-жылға тереңдеп бара жатқанын аңғартады. Бір жағында – миллионнан астам жалақы алатын судьялар мен жоғары лауазымды шенеуніктер, екінші жағында – 100 мың теңгеге де жетпейтін техникалық қызметкерлер бар.

 

Серіктес жаңалықтары