×
465.01
543.55
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
465.01
543.55
6.15

Қазақстандағы ең бай шенеуніктің табысы қанша?

Бүгін, 17:04
Қазақстандағы ең бай шенеуніктің табысы қанша?
Фото: Arasha.kz

Астана мемлекеттік сектордағы жалақы көлемі бойынша көш бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОП-3: ҚАЙ ӨҢІРДЕ ЖАЛАҚЫ КӨП

Finprom зерттеуінше, елордада шенеуніктер орта есеппен айына 618 мың теңге алады. Бұл ел бойынша орта көрсеткіштен 66%-ға жоғары. Ал Қазақстан бойынша мемлекеттік басқару саласындағы орташа жалақы 372 мың теңгені құрайды.

Астанадан кейін жоғары көрсеткіштер Алматыда – 418 мың теңге, Қызылорда облысында – 373,8 мың, Алматы облысында – 357,5 мың және Ақмола облысында – 349,4 мың теңге тіркелген.

Ең төмен жалақы Жамбыл облысында – 301,9 мың теңге. Төменгі орындарда сондай-ақ Шымкент, Павлодар және Абай облыстары да бар.

Бұл айырмашылық ел бойынша орташа жалақымен салыстырғанда тіпті айқынырақ көрінеді – ол 223,2 мың теңге. Яғни, Астанадағы шенеуніктер орташа қазақстандықтан шамамен үш есе көп табыс табады.

ҚАНДАЙ МАМАНДАРДЫҢ ТАБЫСЫ КӨП?

Сарапшылар қағаз жүзіндегі өсім нақты табыстың артуын білдірмейтінін айтады. 2025 жылы шенеуніктердің номиналды жалақысы 10,2%-ға өскенмен, инфляцияны есептегенде нақты табыс 1,1%-ға төмендеген.

Табысқа тек аймақ қана емес, мемлекеттік органның құрылымы да әсер етеді. Мысалы, міндетті әлеуметтік қамтамасыз ету саласының қызметкерлері айына 1 миллион теңгеден аса жалақы алған. Халықаралық қызмет саласындағылардың табысы да жоғары – шамамен 680 мың теңге.

Ең көп жалақы алатындардың қатарында судьялар бар – олардың табысы 1 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар сапаны бақылау инженерлері, тексеру комиссияларының төрағалары және орталық мемлекеттік органдардың басшылары да жоғары жалақы алатындардың ішінде.

Ал ең төмен жалақы техникалық қолдау қызметкерлерінде, хатшыларда, жүргізушілерде, еден жуушыларда және компьютер операторларында тіркелген – шамамен 90–125 мың теңге.

ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫ АЗАЙҒАН

Айта кетейік, бұдан бұрын Halyk Finance сарапшылар қазақстандықтардың нақты табысы 1,7%-ға төмендегенін айтқан. Әлеуетті экономикалық өсім туралы жиі айтылғанымен, ол халықтың әл-ауқатын арттырмаған. Сарапшылар мұны өсімнің едәуір бөлігі мұнай кірістеріне сүйенуімен байланыстырады. Ал ол табыс барлық тұрғындарға бірдей жетпейді. Сонымен қатар экономикалық өсім табыс деңгейінің артуына бірден әсер етпейді, оған уақыт керек.

Табыстың азаюы тұтыну әдеттерін де өзгерткен. Нәтижесінде азық-түлікке кететін шығын үлесі артса, киім-кешек, тұрмыстық техника және басқа да күнделікті қажеттілігі төмен тауарларға жұмсалатын қаржы қысқарған. Яғни көптеген отбасы үнемдеу тәртібіне көшіп, қосымша шығындарды азайтуға мәжбүр болған.

Серіктес жаңалықтары