Парламент «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰЖАТ ЖАЙЛЫ
Депутаттардың айтуынша, құжат Қазақстан Республикасы президентінің және вице-президентінің құқықтық жағдайын айқындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік билік субъектілеріне қатысты президент өкілеттіктерін регламенттейді.
«Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының символы әрі кепілі болып қала бермек. Қазақстан Республикасының вице-президентін Құрылтайдың келісімімен Президент қызметке тағайындайды және Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде оның атынан өкілдік етеді. Заң жобасына сәйкес Президент Бас Прокурорды, Конституциялық Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық Банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды», – деді заң жобасы туралы баяндама жасаған Жанарбек Әшімжан.
ПРЕЗИДЕНТ ТАҒЫ КІМДЕРДІ ТАҒАЙЫНДАЙДЫ?
Сондай-ақ, президент Құрылтаймен келісу бойынша вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.
«Өкілеттіктердің осылайша бөліну тәртібін орынды деп есептейміз, өйткені Президентіміз елдің даму векторларын айқындайтын Мемлекет басшысы бола отырып, аталған органдардың басшыларын белгіленген стратегиялық бағытқа сүйеніп тағайындайды. Конституциялық заңмен бекітілген барлық мемлекеттік билік субъектілері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату және тежеулер мен тепе-теңдіктер жүйесін бір мезгілде нығайту функциялардың қайталануын болғызбауға және мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әлемдегі және ел ішіндегі қазіргі жағдайға байланысты ерекше өзекті болып отыр», – деді депутат.
КОМИССИЯ ҚҰРАМЫНДА КІМДЕР БАР?
Парламент палаталарының заң жобасы бойынша бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Үнзила Шапақ, ал Сенаттан Бибігүл Жексенбай, Сергей Карплюк, Марат Қожаев, Андрей Лукин кірді. Комиссия төрайымы болып Үнзила Шапақ сайланды.
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДАР
Еске салайық, 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум нәтижесі бойынша Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды. Бұдан былай Қазақстанда екі палаталы парламенттің орнына жаңа парламент – Құрылтай құрылады және вице-президент лауазымы пайда болады.
Бұдан бұрын Қазақстанда Құрылтай сайлау қашан өтетіні және вице-президент қашан сайланатыны хабарланған.
Жаңа Конституция қабылдануына байланысты парламент қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізу және жаңа конституциялық заңдарды қабылдау мәселесін талқылауға кірісті. Депутаттар Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заң жобаларын да жұмысқа қабылдады.