×
463.41
546.27
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.41
546.27
6.18

Референдумнан қымбат: Құрылтай сайлауының шығыны қанша болады?

Бүгін, 12:13
Референдумнан қымбат: Құрылтай сайлауының шығыны қанша болады?
Ulysmedia.kz коллажы

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін осы жазда өтеді деп жоспарланған Құрылтай сайлауы референдумнан да қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕҢ ҚЫМБАТ БАҒЫТТАР

ОСК әзірге нақты соманы атаған жоқ. Өтемісовтің айтуынша, шығын көлемі сайлау күнінің белгіленуіне, науқанның ұзақтығына және жүйені кибершабуылдардан қорғауға кететін шығындарға байланысты болады.

Айта кетейік, жаңа Конституция бойынша өткен референдумға 15,5 млрд теңге жұмсалған. ОСК өкілдері парламент сайлауына кететін шығын бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ең қымбат бағыттардың бірі — цифрлық қауіпсіздік. Өтемісовтің айтуынша, тіпті қалыпты кезеңнің өзінде комиссияның сайты тұрақты түрде шабуылға ұшырайды.

– Біріншіден, жабдықтар қорғалуы тиіс, оларды сатып алу қажет. Сайлауаралық кезеңнің өзінде ОСК сайтына аптасына орта есеппен 7–8 рет шабуыл жасалады. Ал сайлау науқаны кезінде бұл көрсеткіш айтарлықтай өсетіні түсінікті. Біз шетелдік тәжірибені де зерттеп жатырмыз, соның ішінде Ресейдің тәжірибесі бар. Ол жақта сайлау қарсаңында бір жарым миллионға дейін DDoS-шабуыл тіркелген жағдайлар болған. Сондықтан жүйені қорғай алатын арнайы жабдық қажет, – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Оның сөзінше, бөлінетін қаражаттың басым бөлігі жалақыға жұмсалады.

– Әзірге нақты соманы айтуға негіз жоқ. Ең алдымен сайлау күні бекітілуі тиіс. Соған қарай дайындықтың ұзақтығы, комиссия мүшелерінің жұмыс мерзімі және олардың еңбекақысы анықталады. Сайлау науқанына бөлінетін қаржының едәуір бөлігі дәл осы комиссия мүшелерінің жалақысына жұмсалады. Ел бойынша 70 мыңнан астам адам бар, – деді хатшы.

ЭЛЕКТРОНДЫ ДАУЫС БЕРУ БОЛА МА?

ОСК Қазақстан әзірге электронды дауыс беруге дайын емес екенін де жеткізді. Өтемісовтің айтуынша, халықаралық тәжірибе мұқият зерттеліп жатыр, бірақ басты кедергі — киберқауіпсіздік мәселесі.

– Біз бұл мәселені өте мұқият зерттеп жатырмыз, ең алдымен халықаралық тәжірибеге сүйенеміз. Тек интернеттегі ақпаратпен шектелмейміз. Әріптестеріміз шетелдерге барып, сайлауды бақылап, электронды дауыс беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін  зерттеп келеді. Дүниежүзілік статистикаға қарасақ, БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде электронды дауыс беру тек 40 елде ғана қолданылады. Оның өзі кей жерлерде тоқтатылған немесе сынақ режимінде ғана жұмыс істейді. Кей елдер алдымен енгізіп, кейін одан бас тартқан үрдіс те бар. Біздің дерек бойынша, мұндай жағдай 12 елде болған, соның ішінде Германия, Нидерланд және Норвегия да бар, – деді ол.

Сонымен қатар билік әзірге дауыс беру жасын төмендетуді де, сайлауға қатысуды ынталандыру үшін қаржылай төлем енгізуді де қарастырып отырған жоқ. Мұндай тәсілдер дауыс сатып алу ретінде қабылдануы мүмкін деген алаңдаушылық бар.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ

Еске салайық, 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум нәтижесі бойынша Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды. Бұдан былай Қазақстанда екі палаталы парламенттің орнына жаңа парламент – Құрылтай құрылады және вице-президент лауазымы пайда болады.

Бұдан бұрын Қазақстанда Құрылтай сайлау қашан өтетіні және вице-президент қашан сайланатыны хабарланған

Серіктес жаңалықтары