×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

Республикашылдар сайлауда жеңілгеннен кейін Вэнс Трамптан іргесін аулақ сала бастады

Бүгін, 12:58
Республикашылдар сайлауда жеңілгеннен кейін Вэнс Трамптан іргесін аулақ сала бастады
Reuters

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс кейінгі уақытта өз саяси ұстанымдарын жиі алға тартып, Дональд Трамп туралы сирек айта бастаған. Республикашылдар аралық сайлауда жеңілгеннен кейін ол Иранға қарсы соғысты ашық сынап, АҚШ-тың сыртқы саясатын өзгертуге шақырды. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл оның 2028 жылғы президент сайлауына дайындықтарының бірі болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Сайлауалды науқанның кейінгі апталарында Вэнстің көпшілік алдындағы сөздері айтарлықтай өзгерген. Ол бұрынғыдай Трамптың шешімдерін қолдауға басымдық бермей, экономика, қауіпсіздік және америкалықтарды алаңдатқан мәселелерге көбірек тоқтала бастаған.

Reuters агенттігі вице-президенттің бірнеше сөзін талдап, оның Ирандағы соғыс, жаппай депортация және Трамптың өзі туралы бұрынғыдан әлдеқайда аз айтатынын анықтаған.

Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, мұндай бағыт кездейсоқ таңдалмаған. Вэнс пен оның кеңесшілері халықтың күнкөріс шығындары, экономикалық тәуелсіздік және сыртқы саясатта ұстамды ұстаным таныту мәселелеріне назар аудару арқылы оның жеке саяси беделін қалыптастыруды көздейді.

Вэнс Иранға қарсы соғысты сынады

Республикашылдар сайлауда жеңілгеннен кейін вице-президент әлеуметтік желіде жазба жариялап, партияның сәтсіздігін Иранға қарсы әскери қимылдармен байланыстырды.

Ол қақтығысты мүмкіндігінше тез аяқтап, бағаны төмендетуге күш салуға және АҚШ-тың өзге мемлекеттермен, соның ішінде Израильмен қарым-қатынасын қайта қарауға шақырды.

Бұл Вэнстің соғысты тоқтатуды алғаш рет ашық қолдауы болды.

Ал Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция бастау туралы шешімін әлі де дұрыс деп санайды. Президент қақтығыс салдарынан бензин бағасының қымбаттауы сайлау нәтижесіне әсер еткенін мойындағанымен, өз ұстанымын өзгертпейтінін жеткізді.

«Мен ештеңені өзгертпес едім», – деді Трамп.

Дегенмен Reuters дереккөздері президент пен оның орынбасары арасында ашық келіспеушілік жоқ екенін айтады. Ақ үй басшылығы Вэнстің жазба жариялайтынын алдын ала білген. Тіпті оның ұстанымын Дональд Трамптың ұлы кіші Дональд Трамп та көпшілік алдында қолдаған.

Ол 2028 жылғы президент сайлауына дайындалып жатыр ма?

Вэнс әзірге АҚШ президенттігіне үміткер болатынын ресми мәлімдеген жоқ. Трамп та өзінен кейін кімді президент ретінде көргісі келетінін ашып айтпады.

Соған қарамастан, 42 жастағы вице-президент Республикашылдар партиясынан президенттікке түсуі мүмкін саясаткерлердің бірі ретінде қарастырылып жүр.

Саяси сарапшылардың пікірінше, оның басты міндеті – Трамп жақтастарының қолдауын сақтай отырып, сайлаушылардың наразылығын тудырған президент шешімдерінен өзін біртіндеп алшақтату.

Республикашылдар партиясының саяси стратегі Майкл Риччидің айтуынша, Вэнс қазіргі қызметін партияның болашақ саяси бағытына ықпал ету үшін пайдаланып отыр.

«Ол вице-президент ретіндегі мүмкіндіктерін пайдаланып, саяси пікірталастардың күн тәртібін қалыптастыруға тырысып жатыр», – деді сарапшы.

Алайда қиындықтар да бар

Вэнстің өз саяси беделін нығайтуға бағытталған әрекеттері әзірге республикашылдарға айтарлықтай нәтиже әкелген жоқ.

Партия вице-президенттің өзі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қатысқан бірнеше штатта жеңіліске ұшырады.

Бұған қоса, демократтар Вэнс өзін дербес саясаткер ретінде көрсетуге қанша тырысса да, оның ықтимал президенттік кандидатурасын Трамптың саясатымен байланыстыруды көздеп отыр.

Республикашылдар партиясының өзге өкілдері де сайлаудағы жеңілістің себептерін іздей бастады.

Сенатор Тед Круздың пікірінше, партия бағаның өсуі мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмеген.

Ал Флорида губернаторы Рон Десантис республикашылдар трансгендерлерге қатысты мәселелерді тым көп талқылап, сайлаушыларды толғандыратын өзге түйткілдерді назардан тыс қалдырғанын айтты.

Вэнс енді қандай мәселелерге басымдық беріп жүр?

Кейінгі сайлауалды кездесулерінде вице-президент халықтың тұрмысын жеңілдету, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардағы алаяқтықпен күресу және америкалық отбасылардың болашағы туралы жиі айта бастаған.

Солтүстік Каролинадағы митингілердің бірінде ол өзінің саяси мақсаттарын жеке өмірімен байланыстыра түсіндірді.

«Мен балаларымның дамыған, өркендеген, еркін әрі бақуатты елде өз отбасын құрғанын қалаймын. Менің бар тілегім – осы қарапайым нәрселер. Мұны өзім үшін қалағандықтан, сіздердің де осындай өмір сүргендеріңізді қалаймын», – деді Вэнс.

Reuters агенттігінің бағалауынша, вице-президенттің сөз саптауындағы мұндай өзгерістер оның біртіндеп өз саяси бағытын қалыптастырып жатқанын аңғартады.

Дегенмен Вэнстің 2028 жылғы АҚШ президенті сайлауына қатысып-қатыспауы әзірге белгісіз.

Сізге қызық болуы мүмкін