×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

Пентагон Қазақстан аспанындағы жұмбақ нысан туралы құпияны ашты

Бүгін, 14:44
Пентагон Қазақстан аспанындағы жұмбақ нысан туралы құпияны ашты
war.gov/UFO

АҚШ НЛО-ға қатысты құпиясы ашылған материалдарды жариялай бастады. Сол құжаттардың ішінде 1994 жылы Қазақстан аспанында болған ерекше жағдай туралы дерек те бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оққа ұқсас нысан

Алғашқы файлдар Пентагон сайтындағы арнайы бөлімде жарияланды. Архивке NASA, ФБР материалдары, дипломатиялық жеделхаттар және АҚШ ведомстволарының есептері енгізілген.

Құжаттардың бірінде 1994 жылғы 27 қаңтарда ұшақ экипажы Қазақстан аспанында белгісіз нысанды байқағаны жазылған. АҚШ Мемлекеттік департаментінің жеделхатына сәйкес, бұл құбылысты шамамен 12,5 шақырым биіктікте ұшып бара жатқан тәжік ұшқышы пен үш америкалық азамат көрген.

Олардың айтуынша, аспанда өте жарық, жылдам қозғалған белгісіз нысан пайда болып, ол ұшақтан әлдеқайда жоғары биіктікте жүрген.

Куәгерлер нысанның кенеттен 90 градусқа бұрылып, шеңбер бойымен қозғалғанын айтқан.

— Ұшу кезінде ол нысан оққа ұқсас көрінді, — делінген құжатта.

Сонымен қатар, маневрлерден кейін аспанда шамамен 100 мың фут биіктікте із қалғаны көрсетілген. Бұл — әдеттегі авиация үшін тым жоғары деңгей.

Бақылау барысында фотосуреттер де түсірілген.

Пентагон жаңа архивтерді жариялап жатыр

АҚШ Қорғаныс министрлігі барлау органдарымен бірге НЛО-ға қатысты расталмаған жағдайларды зерттеп, құпиясыздандыруды жалғастырып жатқанын хабарлады.

Жаңа құжаттар бірнеше апта сайын кезең-кезеңімен жарияланып отырады. Пентагон мұндай деректерге нақты түсініктеме берілмеген жағдайлар ғана кіретінін атап өтті.

Архивтен тағы не табылды

Жарияланған материалдарда Эгей теңізі, Сирия, Ирак, БАӘ және Солтүстік Америка аспанында байқалған белгісіз нысандар туралы деректер де бар.

2023 жылғы бір есепте су үстімен ұшып, 90 градусқа күрт бұрылған нысан сипатталған.

Тағы бір құжатта барлау қызметкері жерде қалықтап тұрған жарық шарды көргенін, оның тез қозғалып, кейін жанында тағы бірнеше ұқсас нысан пайда болғанын айтқан.

Сондай-ақ NASA-ның «Аполлон-11» және «Аполлон-17» миссияларына қатысты материалдар да жарияланған.

Архив не үшін ашылды

2026 жылдың ақпанында Дональд Трамп Пентагонға НЛО, ғарыштық өмір және белгісіз аномалиялық құбылыстарға қатысты материалдарды жариялауды тапсырған. Ол кезде Трамп қоғамның қолда бар ақпаратты білуі тиіс екенін айтқан.

Дегенмен Пентагон АҚШ-та инопланеталық технологиялар немесе жерден тыс өмірдің бар екеніне нақты дәлел жоқ екенін бұрыннан атап келеді.

Серіктес жаңалықтары