Қазақстанның ең ірі әуе тасымалдаушысы Air Astana тобының құрамына кіретін FlyArystan лоукостерімен бірге 2026 жылдың алғашқы тоғыз айын 2,7 млн доллар таза шығынмен аяқтады. Ал былтыр осы кезеңде компания 31,2 млн доллар пайда тапқан. Бұл ретте түсім 17,9 пайызға өсіп, 1,29 млрд долларға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жолаушылар саны керісінше азайған. Қаңтар-қыркүйек аралығында компаниялар тобы 7,44 млн жолаушы тасымалдады. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға аз. Мұндай мәлімет Air Astana есебінде көрсетілген.
Шығын кірістен асып түсті
Ұшақтағы бір орынға шаққандағы бір шақырымдық рейс кірісі 15,9 пайыз өскен. Алайда дәл осы көрсеткіш бойынша шығын 21,3 пайыз артқан, яғни әрбір орын компанияға бұрынғыдан қымбатқа түсіп, одан түсетін табыс шығын өсіміне ілесе алмаған.
Пайыздар, салықтар, тозу мен ұшақтарды жалға алу шығындарына дейінгі пайданы көрсететін EBITDAR көрсеткіші 5,7 пайызға төмендеп, 247,3 млн доллар болды.
Компанияның қарыз жүктемесі де артқан. Қазір таза қарыз көлемі EBITDAR көрсеткішінен екі есеге жуық асып кеткен. Былтыр бұл арақатынас 1,3 есе болған.
Air Astana бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел шығынның өсуін шетелдегі авиаотын бағасының қымбаттауымен түсіндірді. Шетел әуежайларында жанармай бір жылда орта есеппен 47 пайыз қымбаттаған. Air Astana отынды Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей сатып алып, өзі тасымалдайды.
Бұдан бөлек, Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты мәселелер де шығынды көбейткен. Соның салдарынан компанияның бірқатар ұшағы ұшпай, жерде тұр.
– Былтырмен салыстырғанда ұшпай тұрған ұшақтар саны бесеуге азайды. 2027 жылдың қызу маусымында мұндай жағдай мүлде болмайды деп үміттенеміз, – деді Жанлыел.
Үшінші тоқсанды пайдамен аяқтады
Шілде-қыркүйек айларында компаниялар тобы 18,5 млн доллар таза пайда тапты. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайыз аз.
Ал тоқсандық түсім 20,6 пайызға өсіп, 529,1 млн долларға жетті. Жолаушылар саны да 0,9 пайыз артып, 3,05 млн адам болды.
Негізгі өсім Қытай бағыты есебінен қамтамасыз етілген. Үшінші тоқсанда компаниялар тобы Қытайға қатынайтын рейстердегі орын санын екі есеге жуық арттырып, аптасына 53 рейске дейін орындаған.
Қазақстан арқылы өтетін халықаралық транзит көлемі 75 пайызға өскен. 2026 жылы Air Astana мен FlyArystan жалпы 24 жаңа бағыт ашты.