Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әйелінің «гештальтін жабу» үшін парламент атынан арнайы құттықтау жасатып, әлеуметтік желіде жаңа пікірталас тудырды. Мұқаев бұл қадамға Қазақстанда депутаттық этика мәселесі Конституциялық заң деңгейінде қарастырылып жатқанын біле тұра барған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“РЕСМИ ҚАҒАЗ 5 МЫҢ ТЕҢГЕ ТҰРАДЫ”
Дәулет Мұқаев видеода парламенттік құттықтаулардың қалай жасалатынын түсіндірген.
– Біз парламентте құттықтауды өзіміз сатып алып жасатамыз. Ресми қағаз 5 мың теңге тұрады. Адамның есімін жазып ресми құттықтауларға барғанда алып барамыз. Лаура осылай құттықташы деп маған 30 жасқа толған кезде айтқан. Сол гештальті жабылмады. Биыл 32 жасқа толып жатыр. Гештальтін айтқанына үшінші жыл болыпты. Парламент 1 шілдеде тарайын деп жатыр. Қолымда тұрған құттықтау болған соң 5000 теңге төлеп шығарып алдым. Ішіне жүрек жарды тілегімді жаздым,– дейді Дәулет Мұқаев.
Кейін депутат жұбайына арнаған жазбасын да жариялаған.
– Бүгін менің Құдай қосқан жан-жарым Лаураның туған күні. Лаура сен менің жай ғана жарым емес, үш баламыздың аяулы анасы, менің бала күнгі көршім, жүрегіме ең жақын адамсың. Біздің отбасын құрғанымызға міне 11 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде талай сәтті бірге өткердік. Қуаныш та, сынақ та,басымызға түскен қайғы да болды. Бірақ сен әрдайым жанымнан табылып, маған тірек болдың. Қолдау білдірдің. Балаларымыздің қызығын бірге көріп, әлі талай жылдарды бірге өткізейік. Мен сені жақсы көремін. Туған күніңмен, жаным! Гештальті жабылды,– деп жазған Дәулет Мұқаев.
ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
Видео әлеуметтік желілерде кең тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды. Бірі мұны ерлі-зайыптылар арасындағы жылы әзіл әрі романтикалық қадам деп қабылдаса, енді бірі мемлекеттік мәртебесі бар атрибуттарды жеке мақсатта қолдану қаншалықты орынды деген сауал көтерді.
– Дәулеттің халыққа, еліне пайдасынан зияны көп болды деп ойлаймын. “Декретке миллионмен” деген курс сатты. Біреуге пайдасы тиген шығар, бірақ зардап шеккендер де бар. Кейін өз сұхбаттарының бірінде миллиондаған табыс тапқанын айтып, ресми кірісін аз көрсеткенін де өзі айтқан еді. Қарапайым халық салық төлеп отырғанда, мұндай нәрсе қоғамда сұрақ тудырады, – деді Гүлбану есімді қолданушы
Айбек Қуандық есімді қолданушы депутаттың 1 шілдеде құрылтай тізіміне ілінбейтінін сезіп, орайлы сәтті ұтымды пайдаланып жатқанын айтты.
– Депутат болғанға дейін басқаша еді. Депутат қылып сайладық. Жас қой әлі, жасар деп қоясың. Бұларға бірдеңе айтсаң, өзің не бітірдің деп шығады ғой, – дейді Дариға Жақсылық.
ДЕПУТАТҚА ЭТИКА КЕРЕК ПЕ?
Соңғы айларда Қазақстанда халық қалаулыларының қоғамдық мінез-құлқы, әлеуметтік желідегі әрекеті мен ресми мәртебені пайдалануына қатысты сын көбейген. Мәжілісте де депутаттық этика мәселесі бірнеше рет көтеріліп, қоғам сеніміне селкеу түсіретін әрекеттерден сақ болу қажеттігі айтылған еді. Бірақ Дәулет Мұқаев бұл жайлы естімеген сияқты. Біз мәселенің мән-жайын сұрау үшін депутатқа хабарласып көрдік. Бірақ телефон тұтқасын көтермеді.
Себебі Қазақстанда депутаттардың мінез-құлқы мен жауапкершілігін реттейтін жаңа талаптар енгізілмек. Осылайша депутаттық этика алғаш рет Конституциялық заң деңгейінде қарастырылып, ережені бұзғандарға нақты санкциялар қолдану көзделіп отыр.
"Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заң жобасында депутаттардың мінез-құлық ережелері көрсетілген. Заң күшіне енгеннен кейін депутаттарға отырыстарда жеке мәселелер туралы айтуға тыйым салынады.
Қоғам алдында сөз сөйлеген кезде олар тек тексерілген деректерге сүйенуге тиіс. Егер жалған ақпарат айтылса, ол үшін зардап шеккен тараптан кешірім сұрауға міндетті болады.
Сонымен қатар депутаттарға басқа әріптестерінің сөздеріне пікір айтуға рұқсат етілмейді. Ережелерді бұзған жағдайда түрлі санкциялар қарастырылған. Ескерту жасаудан бастап, көпшілік алдында кешірім сұрау, бірнеше отырыста сөз беру құқығынан айыру, залдан шығару немесе бір күндік жалақыдан ұстап қалуға дейін.