Көкшетаудағы тұрғын үй аулаларының бірінде болған қайғылы жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырды. 52 жастағы әйел жол талғамайтын көліктің астында қалып, оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІ ЖОҚ
Кейін белгілі болғандай, рөлде отырған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған әрі ол ешқашан автомектепте оқымаған.
Қайғылы жағдай 9 мамыр күні Сарыарқа шағынауданындағы көпқабатты үйлердің ауласында болған. Бейнебақылау камераларына түскен сәтте көліктің әйелді тротуар маңында қағып, толықтай басып өткеннен кейін ғана тоқтағаны көрінеді. Әлеуметтік желіде тараған видео тұрғындардың ашуын туғызды.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, көлікті басқарған әйелге қатысты адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. 11 мамырда Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
– Тергеу барысында күдіктінің көлік жүргізуге құқығы болмағаны анықталды. Ол арнайы жүргізуші курстарынан да өтпеген,– деп хабарлады полиция.
Осыған байланысты полиция көлік иесіне – күдіктінің жұбайына қатысты да қылмыстық іс қозғады. Ер адам жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға бергені үшін жауапқа тартылып жатыр. Заң бойынша бұл бап бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырады.
МАРҚҰМ ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА БОЛҒАН
Марқұм әйелдің артында кәмелетке толмаған ұлы қалғаны белгілі болды. Кей деректерде баланың жасы 12-13 шамасында екені айтылған. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының жанашырлығын тудырып, қоғамда қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді.
Оқиғадан кейін Сарыарқа шағынауданының тұрғындары видеоүндеу жариялады. Олардың сөзінше, бірнеше көпқабатты үйге арналған жалғыз кіреберіс жол үнемі кептеліс тудырады. Соның салдарынан жүргізушілер аулада жылдамдықты жиі асырады. Ал екінші кіреберістің жабылуы мәселені одан әрі күрделендірген.
Тұрғындар балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, жергілікті биліктен шұғыл шара қабылдауды талап етті. Өз кезегінде қала әкімдігі қосымша кіреберіс ұйымдастыру мәселесін қарастыруға уәде берген.
Қазір аталған іс полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр.