Өскемендік депутат Дмитрий Сомов пара беру ісі бойынша кінәлі деп танылып, 98 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол сот залынан бірден босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
98 МИЛЛИОН АЙЫППҰЛ
Өскеменде кәсіпкер әрі депутат Дмитрий Сомовқа қатысты пара беру ісі бойынша сот үкімі шықты. Сот оны кінәлі деп танып, 98 миллион теңгеден астам айыппұл салды. Үкім жарияланғаннан кейін Сомов қамаудан босатылып, сот залынан шықты.
Іс Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жеделдетілген тәртіппен қаралған. Бұған айыпталушының тергеумен келісімге келуі негіз болған.
Тергеу мәліметінше, «Востоквзрывпром» ЖШС-нің құрылтайшысы Дмитрий Сомов Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Жапбаровқа 5 миллион теңге берген. Оқиға қаладағы қонақүйлердің бірінің жанында болған. Кейін шенеунік бұл туралы ҰҚК-ге хабарлаған.
Сот отырысында Сомов өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Оның айтуынша, ақша тендер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кедергі жасалмауы және қаржының уақытында бөлінуі үшін берілген.
Сот айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп шешіп, оған пара сомасының 20 есесіне тең айыппұл тағайындады.
КОНТЕКСТ
Дмитрий Сомовтың ұсталғаны осы жылдың ақпан айында белгілі болған. Сол кезеңде Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар да қамауға алынған еді.
Бұған дейін бірінші инстанция соты Жақсылық Омарды нақты мерзімге бас бостандығынан айырған. Қазіргі таңда оның ісі апелляциялық сатыда қаралып жатыр.