Қазақстанда мұғалім болуға қойылатын талап тағы күшейеді. Енді ҰБТ-дан шекті балл жинай алмаған талапкерлердің шетелдік университет арқылы педагогикалық мамандыққа «айналма жолмен» түсуіне тосқауыл қойылмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ГРАНТҚА ОП-ОҢАЙ ТҮСІП ЖҮР
Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде талаптарды айналып өтудің түрлі жолы пайда болды. Соның бірі – ҰБТ-дан педагогикаға қажет шекті 75 балды жинай алмаған талапкерлердің шетелдік университеттерге оқуға түсіп, кейін Қазақстандағы ЖОО-ларға ауысуы. Осылайша олар негізгі іріктеу кезеңінен өтпей-ақ мұғалімдік мамандыққа қабылданып келген.
Асхат Аймағамбетов бұл мәселенің жүйелі сипат алғанын айтып, мұндай тәжірибе педагог кадрлардың сапасына әсер ететінін жеткізді.
«Педагогикалық мамандықтарға ҰБТ-дан тиісті шекті балл (75 балл) жинамай-ақ, шетелдік ЖОО-дан ауысу арқылы келетіндер көбейген. Енді кез келген шетелдік университеттен (ең мықты шетелдік ЖОО-ды есептемегенде) ауысқан студентке ҰБТ тапсыру және арнайы емтиханнан өту міндеттеледі. Мұғалімдікке тек ең мықтылар келуі тиіс», – деп жазды депутат.
ЖАҢА ЗАҢДА ТАҒЫ НЕ АЙТЫЛДЫ?
Бұл өзгеріс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында қарастырылған. Құжат 2026 жылғы 29 сәуірде Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды.
Жаңа талапқа сәйкес, енді шетелдік университеттен педагогикалық бағыт бойынша ауысқысы келетін студенттер де Қазақстандағы талапкерлер секілді ҰБТ нәтижесін көрсетуі және арнайы емтиханнан өтуі керек болады. Тек халықаралық деңгейде мойындалған жетекші университеттерден ауысатын студенттерге қатысты ерекше тәртіп сақталуы мүмкін.
Сарапшылар бұл шешімді педагог мамандығына қойылатын сүзгіні күшейту әрекеті деп бағалайды. Өйткені соңғы жылдары мемлекет мұғалімдердің жалақысын көтеріп, әлеуметтік мәртебесін нығайтуға миллиардтаған қаржы бөліп келеді. Алайда білім сапасы көбіне мұғалім даярлайтын жүйенің өзіне байланысты екені жиі айтылады. Егер педагогикалық мамандыққа бастапқы дайындық деңгейі төмен талапкерлер көптеп қабылданса, бұл мектептегі білім сапасына тікелей әсер етуі мүмкін.
Білім саласында «мұғалімдікке кез келген адам емес, дайын әрі мықты талапкер келуі керек» деген ұстаным соңғы бірнеше жылда жиі көтеріліп жүр. Бұған дейін педагогикалық мамандықтарға шекті балл көтеріліп, арнайы емтихан енгізілген еді. Енді сол талаптарды айналып өтудің жолына да шектеу қойылмақ.
Заң жобасында тек педагогика мәселесі ғана емес, мұғалімдердің артық есептен босатылуы, білім беру ұйымдарындағы артық бюрократияны азайту, сондай-ақ медициналық білім беру жүйесіне қатысты өзгерістер де қарастырылған. Алайда қоғам назарын ерекше аудартқан норма – дәл осы педагогикалық мамандықтарға қабылдау тәртібінің қатаюы болды.