×
474.04
555.01
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.04
555.01
6.45

Үйдегі мылтықпен абайсызда аяғын атқан бүлдіршіннің әкесі сотталды

Бүгін, 16:12
Үйдегі мылтықпен абайсызда аяғын атқан бүлдіршіннің әкесі сотталды
фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында ұлы үйден аңшылық мылтықты алып шығып, абайсызда аяғына оқ атып алған ер адам істі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қару заңсыз сақталған

Алматы облыстық соттарының мәліметінше, Балқаш аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қаралған.

Іс материалдарына сай, азамат үйінде «ИЖ-58» маркалы, 16 калибрлі аңшылық мылтықты рұқсат құжаттарынсыз сақтаған.

Сот мәліметінше, заңбұзушылық оның ұлы үйден мылтықты алып шығып, абайсызда аяғына оқ атып алғаннан кейін анықталған. Осы оқиғадан соң тексеріс жүргізіліп, қарудың заңсыз сақталғаны белгілі болған.

Сот шешімі

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, қару әкесінен мұра болып қалғанын айтқан.

Сот қаулысымен ол ҚР ӘҚБтК 482-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Заңсыз сақталған аңшылық мылтық тәркіленді.

Сонымен қатар, сот оның мінез-құлқына қатысты 3 ай мерзімге арнайы талаптар белгіледі. Бұл кезеңде оған атыс қаруын сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ ол ай сайын учаскелік полиция пунктіне барып, профилактикалық әңгімеден өтіп тұруға міндеттелді.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары