18 мамыр – Халықаралық музей күні. Қазақстанда бүгінде 280-ге жуық музей жұмыс істейді. Олардың қатарында дәстүрлі тарихи-өлкетану орталықтарымен бірге, ерекше форматымен таңғалдырған бірегей музейлер де аз емес. Олардың бірі ағашқа жан бітірсе, енді бірі балалық шақты сөйлетеді.
МУЗЫКА САҚТАЛҒАН ҮЙ
Павлодардағы «Шафердің музей-үйі» – Қазақстандағы жалғыз грампластинка музейі. Оның негізін музыка мен әдебиетті зерттеген Наум Шафердің жеке коллекциясы құрайды.
Шафер көне дыбыс жазбаларын бала кезінен жинай бастаған. Кейін оның жинағы ондаған мың пластинкаға жеткен.
Қазір музей қорында ХХ ғасырдың басынан сақталған сирек жазбалар бар. Сонымен бірге патефондар мен жеке кітапхана да қойылған.

Музейде музыкалық кештер жиі өткізіліп тұрады. Ал шалғай өңірлерге арнайы көшпелі мәдени жоба да ұйымдастырылады.
ҮЙ ІШІНДЕГІ «ӨНЕР ТЕАТРЫ»
Өскеменде Юрий Костанянц жасаған музей-үй жай ғана көрме емес, тұтас көркем кеңістік ретінде сипатталады. Бұрын ұшқыш болған ол зейнетке шыққан соң ағаш мүсін өнеріне толықтай ден қойған.
Бүгінде оның үйі бірнеше залдан тұратын ірі экспозицияға айналған. Автор оны «өнер театры» деп атайды, себебі мұнда мүсін, жарық және музыка бір жүйеге біріктірілген.

Коллекцияда Қазақстан тарихына, тарихи тұлғаларға және түрлі мифологиялық тақырыптарға арналған жұмыстар бар. Кей мүсіндердің биіктігі бірнеше метрге дейін жетеді. Экспонаттар үйдің барлық кеңістігін қамтыған.
БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ
Қостанайдағы ойыншықтар музейі – елдегі осы бағыттағы жалғыз орталық. Мұнда мыңдаған экспонат сақталған: көне қуыршақтар, қолөнер бұйымдары, қазіргі заманғы ойыншықтар.
Коллекцияның ерекшелігі – әр экспонаттың жеке тарихы бар. Олардың ішінде түрлі елдерден әкелінген сирек бұйымдар да кездеседі.

Музейге келушілер үшін бұл тек көрме емес, бірнеше буынның балалық шағын қайта тірілтетін кеңістік. Сондықтан мұнда ересектер де, балалар да ықыласпен келеді.
ЕЖЕЛГІ ДАЛА ТЫНЫСЫ
«Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейі – ежелгі ботай мәдениетіне арналған бірегей кешен. Мұнда неолит дәуіріндегі қоныстар қайта қалпына келтірілген.
Келушілер көне адамдардың тұрмысын, құралдарын және салт-дәстүрін көзбен көре алады. Экспозицияда шаман мен қолөнершінің бейнелері де бар.

Жобаның ғылыми негізін археолог Виктор Зайберт қалаған. Ол ботайлықтардың жылқыны алғаш қолға үйреткен өркениеттердің бірі екенін дәлелдеген.
ТЕҢІЗ ЖОҚ, БІРАҚ ТАРИХ БАР
Арал қаласында орналасқан балық шаруашылығы музейі сырт көзге қарапайым ғимарат сияқты көрінгенімен, оның символдық мәні өте терең. Музей 2013 жылы ашылған.
Ол теңіз тартылған табанда орналасқан және тікелей ескі кеме палубасына жалғасады. Сол кемелердің бірі – «Лев Берг» – бүгінде музейдің бір бөлігіне айналған.
Музейдің ерекшелігі – ол тек Арал теңізінің тарихын емес, жалпы балықшылар өмірін көрсетеді. Экспозицияда көне құралдар, ау тоқу әдістері, тарихи тұрмыстық заттар бар.

Кейбір жәдігерлер тіпті символдық мәнге ие: 1920-жылдары балықшылардың еңбегіне алғыс ретінде берілген құралдар да сақталған.
Музей аумағында ескі крандар мен кемелердің қаңқалары да тұр. Олар бір кездері теңіз тіршілігінің ажырамас бөлігі болса, бүгінде өткен дәуірдің куәсіне айналған.