Испанияның El Mundo басылымы Ресей президенті Владимир Путиннің Қытайға алдағы сапары Бейжіңнің Мәскеумен арадағы серіктестігі мызғымас екенін көрсетуге бағытталғанын жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САПАРДЫҢ МАҚСАТЫ
«Қытай басшысы Си Цзиньпин Мәскеумен қарым-қатынаста Батыстың қысымына қарамастан стратегиялық әріптестік берік күйінде сақталып отырғанын аңғартуға тырысады», – делінген мақалада.
Басылым Батыс елдері Ресейді санкциямен тұқыртуға ұмтылғанымен, Қытай керісінше Ресейден мұнай мен газ сатып алуды көбейтіп, Мәскеумен сауда айналымын арттырғанын еске салды.
Ал АҚШ-тың бұрынғы барлаушысы Скотт Риттердің айтуынша, Қытай Ресей президенті Владимир Путинді әрдайым құшақ жая қарсы алады.
«Дональд Трамптың ұшаққа отырып, елден кеткенін көру арқадан жүк түскендей әсер берді. Өйткені енді әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік туады. Мұндай әңгімелер бірнеше күннен кейін басталады. Себебі Қытайға тағы бір ықпалды көшбасшы – Владимир Путин келеді», – деді ол ағылшын саясаткер Джордж Галлоуэйге берген сұхбатында.
«АҚШ ЕШКІМГЕ ШЫНАЙЫ СЕРІК ЕМЕС»
Сарапшының сөзінше, Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин бір-бірін құрметтейді әрі ортақ мақсат жолында әрекет етіп отыр.
«Өкінішке қарай, АҚШ ешкімге шынайы серік емес. Ресей мен Қытай біз оларды араздастыруға қанша тырыссақ та, бәрібір бірлесіп жұмыс істей береді», – деді Риттер.
Владимир Путин Қытайға 19-20 мамыр күндері барады. Кездесу барысында Мәскеу мен Бейжің арасындағы байланыс және халықаралық мәселелер талқыланады. Келіссөз қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылданып, екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.
Еске салайық, Дональд Трамп Қытайда 13-15 мамыр аралығында мемлекеттік сапармен болды. Ол Қытай басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Daily Beast басылымының жазуынша, Ақ үй басшысы бұл сапар барысында көзделген негізгі мақсаттардың ешқайсысы бойынша нақты нәтиже көрсете алмаған.