Сынықшы ретінде танымал ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің назарына ілікті. Қазір ведомство оның қаржылық аударымдары туралы ақпаратты тексеріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.
Бағдагүл Лепесова төңірегіндегі дау оның Динара Сәтжан туралы айтқан пікірлерінен кейін басталған. Кейін тележүргізуші полиция мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінгенін мәлімдеді.
Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатқанын растады.
– Қазіргі уақытта бізде толық ақпарат жоқ, тиісті мониторинг жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал Лепесова даудан кейін әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, өзіне Қазақстаннан ғана емес, көрші елдерден де қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.
– Мені аналар, ер адамдар, көрші мемлекеттердегі адамдар қолдап жатыр. Менің жанайқайым ащы болды. Шындық та ащы. Міне, алдымда жылап отырған ана отыр. Отбасын бұзатын әйелдер көбейді. Адамдар қиындықты бастан кешіріп, енді бақыт табамыз дегенде, олардың күйеулерін басқа әйелдер алып кетеді. Бұл қаншалықты дұрыс? Тәртіп керек. Менің әр сөзім – халықтың жанайқайы, – деді емші.
Бұған дейін Динара Сәтжан емші Бағдагүл Лепесова айтқан сөздерден кейін полиция мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінетінін мәлімдеген еді. Тележүргізушінің айтуынша, емші оны балағат сөзбен қорлаған.
Сонымен қатар Сәтжан емшінің ақылы қызметтерінің заңдылығы, БАД сатуы, «бата беру» қызметтері, түрлі сауықтыру тәжірибелері мен салық төлеуі мәселесін де көпшілік алдында көтерген.
Автор: Ардақ Ерубаева