Қарағанды облысындағы А. Ф. Христенко атындағы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақы алмағанын айтып, шағымданды. Бұқар жырау ауданына қарасты Центральное ауылында орналасқан кәсіпорын жұмысшылары міндетті аударымдардың да уақытылы төленбей жатқанын мәлімдеп, билікке ұжымдық үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қызметкерлердің сөзінше, кейінгі рет толық жалақыларын маусымда алған. Содан бері еңбекақы бойынша қарыз жиналып, төртінші айға созылған.
Жұмысшылар жалақының кешігуінен күнделікті тұрмысқа қажет қаражат таппай отырғанын айтады. Азық-түлік сатып алу, коммуналдық төлемдер мен несиелерді өтеу, қысқа көмір алу және балалардың қажетін қамтамасыз ету үшін қарыз сұрауға мәжбүр болған.
«Біз біреудің ақшасын сұрап отырған жоқпыз. Өз маңдай терімізбен тапқан еңбекақымызды талап етеміз. Неге мұның бәріне төзуіміз керек? Несие төлеуге де, тіпті су мен жарықтың ақысын өтеуге де ақша жоқ», – дейді жұмысшылар.
Олардың айтуынша, қызметкерлердің көпшілігінің балалары бар. Біріне оқу ақысын төлеу керек болса, енді бірі баласының баспанасына немесе емделуіне қаражат іздеп жүр.
Жұмысшылардың бірі қалада оқитын баласының пәтерақысын төлеу үшін басшылықтан жалақысының бір бөлігін алдын ала сұрағанын айтты. Алайда оның өтініші де шешімін таппаған.
Қызметкерлердің басшылықпен әңгімесі кезінде шілде және тамызда үшін жиналған жалақы қарызы 52 миллион теңгеге жеткені айтылған.
Сонымен қатар, жұмысшылар сәуір айынан бері міндетті медициналық сақтандыру жарналары мен зейнетақы аударымдары түспей жатқанын мәлімдеді.
«Адамдарға күн көру үшін ақша керек қой. Құрғақ уәдемен өмір сүре алмайды. Біреудің баласы ауырып жатыр, дәрі-дәрмек қажет. Біреудің көмірі жоқ. Енді біреудің баласына аяқкиім алып беретін ақшасы қалмаған», – дейді олар.
Жұмысшылар бұл мәселені басшылыққа бірнеше рет жеткізгенімен, еш нәтиже болмағанын айтады.
Енді олар Президенттен жағдайға араласып, тексеру жүргізуді және кәсіпорынның қызметкерлер алдындағы барлық берешегін өндіріп беруді сұрап отыр.
Қызметкерлердің бірі басшылықтың жұмысшыларға деген қарым-қатынасына да наразылық білдірді. Оның айтуынша, тамақ алуға ақша жоқ екенін айтқанда, басшылық тарапынан «картоп жеңдер» деген жауап берілген көрінеді.
А. Ф. Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы ЖШС Қарағанды облысының Центральное ауылында орналасқан.
Кәсіпорын дәнді дақылдар, майлы дақылдар, картоп және мал азығына арналған дақылдар өсірумен айналысады. Сондай-ақ, мұнда тұқым шаруашылығы мен жаңа сорттарды шығару бағытында селекциялық жұмыстар жүргізіледі.
Ашық мәліметтерге сүйенсек, станцияның қарамағында шамамен 12 мың гектар жер бар. Кәсіпорында 170-ке жуық адам еңбек етеді.