×
467.58
543.66
6.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.58
543.66
6.44

Журналистен 71 млн теңге талап еткен компания сотты жабық өткізуді сұрады

Журналистен 71 млн теңге талап еткен компания сотты жабық өткізуді сұрады
ulysmedia.kz коллажы

Алматыда журналист Вадим Борейконың үстінен қозғалған азаматтық іске байланысты сот процесі басталды. Журналистің үстінен «іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп шағым түсірген «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының өкілі сотты жабық өткізуін сұрады. БАҚ өкілдері процесс өткен залға кіргізілмеді. Сот отырысын қосымша залдан бақылады, деп хабарлайды Ulysmedia.

СОТ ПРОЦЕСІ

19 мамырда өткен сот процесінде «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының заңды өкілі Бақыт Қасыбаев сот отырысын БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз, жабық өткізуді сұрады.  Оған журналист Вадим Борейко мен оның қорғау тарапы қарсылық білдірді. Судья Айдар Өтебаев өтінішті ашық қалдырды.

«Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының өкілі сотта журналиске қарсы түсірген шағымында оның нақты қандай материалдағы сөзі немесе іс-әрекеті «іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін» айта алмады.

«МЕН ЖУРНАЛИСТІК ҚЫЗМЕТІМДІ АТҚАРДЫМ»

Вадим Борейконың сөзінше, ол өзінің журналистік қызметі үшін жауапқа тартылып жатыр.

– Бұл компанияның шағымында оның «іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деген менің бірде-бір сөзім көрсетілмеген. Бірде-бір сілтеме және материалдың қай уақытта жарияланғаны туралы мәлімет жоқ. Яғни, маған журналист болғаным үшін айып тағылып отыр. Мен журналистік қызметімді атқардым. Бүгін сотта арызданушы түсірген шағымының қосымшасы бар екенін айтты. Біз енді онымен танысатын боламыз. Бірақ бастапқыда оның ешқайсысы болған жоқ, – деді журналист.

Вадим Борейконың қорғаушысы Жанна Оразбахова сотта журналистің үстінен түскен шағым оның You Tube арнасында жарияланған нақты қай материалға қатысты екені түсініксіз екенін айтты. Ол «құрылыс компаниясы өзінің «іскерлік беделіне нұқсан келтірген» материалды нақты көрсетуі қажет» деді.

КОМПАНИЯ ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ?

Бақыт Қасыбаев Ulysmedia тілшісіне Вадим Борейконың үстінен шағым түсіруге себеп болған деректерді қосымша шағымда сілтемелерін белгілеп, көрсеткенін айтты.

– Шағым түсіруге бізге қатысты «заңсыз құрылыс», «рұқсат етілген құжаттары жоқ», «әкім Досаев құрылысқа тыйым салды» деген сөздер себеп болды. Қайталап айтайын, сол уақытта бізде құрылысқа рұқсат беретін барлық құжаттар болды. Қазір құрылыс мерзімінен кешіп жүріп жатыр, – деді ол.

71 МИЛЛИОН ТАЛАП–АРЫЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

«Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясы азаматтық шағымында журналистен 71 миллион теңге талап еткен. Бақыт Қасыбаев осыншалықты үлкен сомманың қайдан шыққанын былай деп түсіндірді:

– Біз келтірілген шығынды арнайы маманның қорытындысы бойынша есептедік, – деді заңгер.

Оның сөзінше, қорытындыда компанияға келген «шығындар» нақты Вадим Борейконың материалдарынан келгені туралы жазылмаған. Бірақ ол қазір құжатты көрсете алмайтынын айтты.

Вадим Борейконың сөзінше, азаматтық шағым түскеннен кейін оның банк есепшоттары соттың шешімімен бұғатталған. Ол компания шағымды сотқа дейінгі талап-арызсыз, медиациялық келісімсіз түсіргенін айтты.

Ал компания заңгері Бақыт Қасыбаев шағым түсіргенге дейін журналиске сотқа дейінгі талап-арыз жібергенін алға тартып отыр.

Гиперборей You Tube арнасының авторы, журналист Вадим Борейконың үстінен азаматтық іс қозғалуына оның «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясы Алматының 12-ші шағын ауданында салып жатқан Premier тұрғын үй кешеніне байланысты жариялаған материалдары себеп болған.

Серіктес жаңалықтары