×
471.45
547.21
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.45
547.21
6.63

Атырауда полиция жасақтарының қаптауы: жүздеген жүргізуші көшеге шықты

Бүгін, 08:21
Атырауда полиция жасақтарының қаптауы: жүздеген жүргізуші көшеге шықты
azh.kz

Атырауға күшейтілген патрульдік полиция жасақтары келгеннен шетелдік нөмірлі көлік иелері жаппай рейдтер мен тексерістер жүре ме деп алаңдаулы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жүргізушілер неге алаңдаулы?

«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, тұрғындарды ең алдымен көліктің сақтандыруы мен тіркеу құжаттарына қатысты мәселелер мазалайды.

«Салтанат сарайы» маңындағы автотұраққа 200-ден астам көлік жиналған. Олардың басым бөлігі — армян, грузин және ресейлік мемлекеттік нөмір тағылған автомобильдер. Көпшілік қалаға Қазақстанның өзге өңірлерінен қосымша полиция экипаждары келгеннен кейін осында жиналған.

Жиналғандардың сөзінше, жүргізушілер рейд кезінде көліктердің сақтандыру полисі мен тіркеу заңдылығы жаппай тексеріле ме деп алаңдайды.

Грузин нөмірлі Toyota Camry 50 көлігінің иесі Әділбек Табылдиев автокөлікті шамамен 5 миллион теңгеге сатып алғанын айтты.

— Осы уақытқа дейін еш қиындықсыз жүрдік. Қазір бәрі шұғыл сақтандыру рәсімдеу керек деп жатыр. Бірақ оның өзі көмектеспейді деген әңгіме бар, — дейді ол.

Кейбір жүргізушілер мұндай ауқымды рейдтер Атырау үшін тым артық деп есептейді.

— Атырау аса үлкен қала емес. Бізде тәртіпті өрескел бұзатын жүргізушілер де көп емес. Онда мұндай күшейтудің қажеті не? Әлде жергілікті полиция жағдайды өзі бақылай алмай отыр ма? — дейді жүргізушілердің бірі.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, Атырауда шетелдік нөмірлі 5 мыңнан астам көлік бар. Олардың көбі Грузия мен Арменияда тіркелген.

Құзырлы органдар не дейді?

Жиналғандардың айтуынша, оқиға орнына полиция, әкімдік, прокуратура және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері де келген. Алайда қатысушылар нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтады.

Жүргізушілердің бірі журналистерге грузин нөмірлі көлік иелеріне арналған чаттарды да көрсеткен. Ол топта мыңнан астам адам бар екені айтылды. Қатысушылар онда ықтимал рейдтер мен тексерістерді талқылап, алдағы әрекеттерін ақылдасып жатыр.

Әзірге ресми органдар бұл жағдайға байланысты нақты пікір білдірмеді. Ал шетелдік нөмірлі көлік иелері қазіргі тексерістер бір реттік шара ма, әлде жылдар бойы құқықтық тұрғыда даулы жағдайда жүрген көліктерге билік шынымен кірісе бастады ма деген сауалға жауап іздеп жүр.

Серіктес жаңалықтары