×
472.48
550.06
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.48
550.06
6.59

Мұнай 200 долларға дейін көтерілетініне дайын болыңдар – Иран

Бүгін, 08:39
Мұнай 200 долларға дейін көтерілетініне дайын болыңдар – Иран
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Иран Қарулы күштері АҚШ-тың өңірдегі әскери әрекеттері жалғаса берсе, қандай да бір келісім туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес екенін мәлімдеді. Ал 26 мамырға қараған түні АҚШ әскері Иранның екі әскери катері мен зымыран кешендеріне соққы жасағанын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәміле жасалмайды

АҚШ-тың Иранға қарсы операциясы аясында Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Әнбия» орталық жедел штабының ресми өкілі Эбрагим Зольфагари Х әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап, АҚШ Таяу Шығыста және Иран маңында әскери іс-қимылдарын тоқтатпайынша, тараптар арасында ешқандай мәміле жасалмайтынын айтты.

«АҚШ билігі күш тілін ғана түсінетінін талай мәрте көрсетті. Мұнайдың бір баррелі 200 долларға дейін қымбаттауы мүмкін екеніне дайын болыңыздар», – деп жазды ол.

26 мамырға қараған түні АҚШ әскері Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас портында Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) екі катеріне және әуе шабуылына қарсы зымыран кешеніне соққы берді. АҚШ тарапының мәліметінше, катерлер Ормуз бұғазына миналар орналастырып жатқан, ал зымыран кешені америкалық әскери ұшақтарға бағытталған. Вашингтон бұл әрекеттерді «қорғаныс мақсатындағы шара» деп атап, атысты тоқтату режимі әлі де күшінде екенін мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл оқиғадан кейін Азия нарықтарындағы сауда-саттық басталған сәтте Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 1 пайыздан астам өсіп, бір баррелі 97,32 долларға жеткен.

АҚШ: бітімгершілік режимі сақталып отыр

АҚШ пен Иран арасында сәуір айының басында жарияланған атысты тоқтату тәртібі әлі күшінде. Кейін АҚШ президенті Трамп бұл режимді арнайы шешім шыққанға дейін белгісіз мерзімге ұзартқан болатын.

Соған қарамастан, мамыр айында Ормуз бұғазында екі тарап арасында қарулы қақтығыстар болды. Иран мұны бітімнің бұзылуы деп бағаласа, Трамп бұл оқиғаларды «жеңіл ескерту» ретінде сипаттады. Сол кезде АҚШ әскері Бендер-Аббас портындағы және Кешм аралындағы нысандарға соққы жасаған. Өз кезегінде Иран АҚШ-тың үш эсминецін – USS Truxtun, USS Rafael Peralta және USS Mason нысанаға алған. Алайда АҚШ кемелердің зақымданбағанын мәлімдеді.

Соңғы күндері Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздер жандана түсті. Тараптар түпкілікті келісім жобасын әзірлеп жатыр. Axios басылымының мәліметінше, жаңа құжат атысты тоқтату мерзімін тағы 60 күнге ұзартуды көздейді.

19 мамырда Трамп әскери соққыларды қайта бастау туралы шешім қабылдауға «бір сағаттай ғана уақыт қалғанын», бірақ оған «тағы бірнеше күн күте тұруды» сұрағанын айтқан. Оның сөзінше, Тегеран соңғы кезде «парасатты ұстаным танытып отыр». Кейін АҚШ президенті келіссөздерді сындарлы деп бағалағанымен, қателікке жол бермеу үшін мәмілені асығыс жасамауға шақырды.

Серіктес жаңалықтары