×
472.48
550.06
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.48
550.06
6.59

Гүл жарыс пен түр жарыс: мектеп басшылары жазалана ма?

Бүгін, 14:47
Гүл жарыс пен түр жарыс: мектеп басшылары жазалана ма?
әлеуметтік желіден

Кешелі бері Қазнетте ел мектерінде өткен соңғы қоңырау шарасындағы дарақылық қызу талқыланып жатыр. Өз бойларынан биік гүл шоқтарымен, 101 раушанмен жарыса суретке түскен түлектер қоғам наразылығын тудырды. Бұл мәселенің кең талқыланғаны соншалық, бүгін үкіметке жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ?

Желідегі жазбаларға сүйенсек, оқушылар бір-бірінен қалыспас үшін ата-аналарынан қымбат гүл шоқтарын әперуді талап еткен. Ұстаздарға да, түлектерге де бірнеше адам жабылып әрең көтеретін алып гүл шоқтары сыйланған. Наразылық тудырған бұл мәселе Оқу-ағарту министрінің де құлағына жетіпті.  

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мамыр айында Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнайы бұйрық қабылдаған. Құжатқа сәйкес мектептен тыс жерлерде – мейрамханаларда және басқа да орындарда мерекелік іс-шара өткізуге, сондай-ақ ақша жинауға тыйым салынған.

«Кеше Алматыдағы бейнежазбаларды көрдіңіздер. Бүгінде әкімдіктер мен ішкі істер органдары осы бұйрыққа сәйкес тиісті шаралар қабылдайды. Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрлігі де бұл мәселеге тоқталды. Жалпы қоғамда артық даңғазалыққа жол бермеу керек деген сұраныс бар. Біз өз тарапымыздан тиісті бұйрықтар шығарып, қажетті шараларды қолға алып жатырмыз», – деді министр.

«СЫҒАН ТОЙЫН ЕСКЕ САЛАДЫ»

Қоғамды шулатқан жаңа үрдіс жайлы белгілі журналист Айгүл Мүкей де пікір білдірді.

 «Кешегі күннің дабыры – мектеп бітіруші қыздарға алып гүл шоқтарын сыйлау. Мұны тіпті талқылағым да келмейді, өйткені бұл өте орынсыз нәрсе», – деді журналист.

Оның пікірінше, мұндай астамшылық мерекенің шынайы сәні мен мәдениетіне мүлде сай келмейді.

«Бұл маған сыған тойын еске салады. Меніңше, мұндай әрекет талғамның жоқтығын көрсетеді. Сөз жоқ!» – деді ол.

Журналистің пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бірі оны қолдап, мектеп бітіру кештері ата-аналардың бәсекесіне айналып бара жатқанын айтса, енді бірі баласына қандай сыйлық жасау әр отбасының өз таңдауы деп есептейді.

Threads желісіндегі Дана Батырғали есімді қолданушының жазуынша, кейбір мектептерде мұндай гүл шоқтарын сыйлау міндеті жігіттерге жүктелген деген әңгімелер тараған.

«Ата-анасының мүмкіндігі жетпей, сыныптас қыздардың қалауындағы қымбат гүлдерді алып бере алмаған оқушылар сынға ұшыраған. Өйткені мұндай гүл шоғын сыйламағандар мерекенің сәнін кетіргендей көрінген», – деп жазады ол.

«МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫ ЖАЗАЛАНСЫН»

Журналист Жазира Бегалының пікірінше, соңғы қоңыраудың гүл жарысқа айналуына жол берген мектеп басшылары жауапқа тартылуы тиіс.

«Соңғы қоңырауда қымбат гүл сыйлау әділетсіздік. Балалар мектеп қабырғасында бірдей киініп, бірдей гүл шоғын алсын. Соңғы қоңырау шоуға айналды. Ел алдында байлығын паш етуден жарысты ұйымдастырған мектеп басшылары жауапкершілікке тартылсын. Бұл жағдайы жұпыны, отбасы жоқшылықтан титықтап отырған мектеп бітірушілердің намысына тиеді деп ойлаймын», - дейді ол.

Білім саласының сарапшысы, белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлы да үкімет деңгейінде шара қолданылуы тиіс деп есептейді.

«Бұл – таза дарақылық. Тәрбиенің кемшіндігі. Әр түрлі ата-ана бар. Бірінде жағдай бар, бірі айлықтан айлыққа әрең жетіп жүр. Сөйте тұра баласын қатарынан қалдырғысы келмейді. Министрлік талап етіп, тоқтатуы керек. Әйтпесе несиесін әрең жауып, титықтап күн көріп отырған отбасылар үшін баласының мектеп бітіруі қуаныш емес, нағыз азапқа айналуы мүмкін», – дейді ұстаз.

 

Серіктес жаңалықтары