Ақтөбе облысындағы "Сагарчин" өткізу бекетінде көліктер кептелісі туындады. Бірнеше шақырымға созылған көлік кезегі жылжыр емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ақтөбе облысындағы Ресеймен шекарадағы бекетте көлік кептеліп тұр. Құрбан айтты елінде тойлауға асыққан шетелдіктерді шекарашылар өткізіп үлгермей жатыр. Ресей жағынан Ақтөбе бағытына ұзын-сонар кезек. Қазақ жеріне өтпек болғандар осында сағаттап аялдауға мәжбүр. Көбі Орта Азия республикаларының азаматтары. Еліміздің кеденшілері мен шекарашылары “бізден ешқандай кінә жоқ” деп ақталады. Ресей жағындағы көлік жүретін жолақтардың ортақ болуы кедергі келтіріп жатқанын айтады. Себебі көрші елдің кеден бекетінде жүк көліктері мен жеңіл көліктер бақылау кезінде бір ғана жолақпен бақылаудан өтеді. Онымен қоса, Құрбан айтты үйінде тойлауға асыққан өзбек, қырғыз, тәжік ағайындар Ресейден қайтып, шекарадағы өту бөлімшесінің жұмысын көбейткен.
“Аталған көлік кептелісі Ресей Федерациясы жағынан байқалып отыр. Бұл ең алдымен, Құрбан айт мерекесі қарсаңында Орталық Азия елдері азаматтарының, яғни еңбек мигранттарының өз еліне оралуымен байланысты. Ресей мен Қазақстан шекарасындағы кептеліске жүк және жеңіл көліктерге арналған жолақтардың бөлек қарастырылмауы да себеп болып отыр. Қазір Қазақстан жағынан CargoRuqsat электронды жүйесі арқылы кезекке тұрған 170 техника бар”, – деп пікір білдірді Ақтөбе облысы мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері.
Контекст
“Жайсаң – Сагарчин” өткізу бекетіндегі жағдай бірнеше жылдан бері күрмеуі шешілмеген күйде қалып отыр. Басты қиындықтар инфрақұрылымның жетіспеушілігінен Ресей тарапында туындауда. Қазақстан тарапынан өткізу пунктінде сегіз қозғалыс жолағы жұмыс істеп тұрса, Ресей тек екі жолақты ғана пайдаланады. Бұдан бөлек Қазақстан жеңіл автокөліктер, автобустар мен жүк көліктерінің ағынын бөліп қойған, ал Ресей тарапында бүкіл көлік бір ортақ кезекте тұр.