Алматы тау кластеріне қатысты құрылыс жұмыстарының қоршаған ортаға әсерін бағалауға байланысты Талғар ауданының Бесқайнар ауылында қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға қатысушылардың ауқымды құрылысқа қатысты пікірі екіге жарылды. Кейбірі құрылысты қолдайтынын айтса, енді бірі оған қарсы екендерін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.
26 мамырда өткен жиында Алматы тау кластарының орталық аймағы саналатын «Чкалов шыңы», «Сухой Лог», «Кім асар», «Oi Qaragai-Пионер» және «Пионер – Бутаковкаға» қатысты тау шаңғы инфрақұрылымын (аспалы жолдар, шаңғы және сумен жабдықтау жүйелері) салу мәселесі талқыланды.
Жобаға жауапты «Almaty Tau Management» ЖШС өкілдері жиынға қатысушыларды құрылыстың тиімді болатынын, табиғат пен тұрғындарға ешқандай зияны жоғын айтып сендірді. Бірақ компания өкілдері құрылыстың қоршаған ортаға әсерінен гөрі, оның экономикалық пайдасы туралы көбірек айтты.
– Біз бұл жобаны сіздер үшін жасап жатырмыз. Сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіздің болашағы үшін жасап отырмыз. Кейінгі алпыс жылда мұндай ауқымдағы жобаны ешкім жасаған жоқ. Сол себепті біздің амбициямыз үлкен. Біздің мүмкіндіктеріміз де үлкен. Ең бастысы – сіздерсіздер. Қазақстандағы, Алматыдағы адамдар. Осы тауда өмір сүретін адамдар. Сіздердің де үлкен мүмкіндіктеріңіз болады – деді «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало.
Алматы тау кластерінің жобасын «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко таныстырды. Ол қазір жұмыс істеп тұрған тау кешендері жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, жоба бойынша 28 аспалы жол салынады. Ол Медеуден басталып Oi Qaragai, Пионер сияқты тау шаңғы кешендерін жалғайды.
– Қазір жолдың ұзындығы 41 шақырым. Оны 192 шақырымға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. [Тауға] көтергіштер 16 дана. Оны 46-ға дейін ұлғайтуға болады. Қазіргі таңда күндік өткізу мүмкіндігі 6 мың. 34 мыңға дейін көбейту мүмкіндігі бар. Шымбұлақ пен Oi Qaragai-ды алатын болсақ, қазір туристер саны 2 миллион адам. Жобаның потенциялы туристер санын 10 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Ойлаңыздаршы, бізге 10 миллион адам келе алады. Тіпті олар қазір бізге келуге дайын. Егер біз көршілес аспан асты еліне жүгінетін болсақ, туристер «Біз не аламыз? Қайда бара аламыз? Кезекте тұрмай, жақсы дем алу мүмкіндігі қайда бар?» деп сұрайды, – деді ол.
Экономист Айдар Құсайнов Алматы тау кластері салынатын болса, Бесқайнар ауылында жер мен жылжымайтын мүлік қымбаттайтынын айтты. Бірақ ол бұнымен қоса, өмір сүру де қымбаттайтынын жоққа шығармады.
– Мен жоба авторларымен ылғи да пікір таластырамын, мұнда көп шетелдік туристер келеді, аспан асты елінен келетін қонақтар дегеннің барлығы иллюзия. Шын мәнінде бұның барлығы біз үшін жасалады. Шымбұлаққа қарасаңыз, онда барып жатқандардың 95 пайызы алматылықтар, қала қонақтары, қазақстандықтар. Олардың барлығы бізбіз, – деді экономист.
Александр Руденконың сөзінше, Алматы тау кластерінің аумағы 1700 гектар болады. Оның ішінде жол салуға 177 гектар жер керек. Бұл ұлттық саябақ аумағының 0,1 пайызы. Жер жекеменшікке берілмейді. Себебі құрылысты Алматы қаласының әкімдігі қаржыландырады.
– Су мәселесіне келетін болсам, сусыз бірде-бір тау курорты жұмыс істей алмайды. Мысал ретінде Францияны айтайын. Францияда қазірдің өзінде 140-қа жуық тау курорты жабылды. Неге? Себебі олар теңіз деңгейінен 1300-1400 метр биіктікте орналасқан. Кім өз заманында жасанды су қоймаларын салмады, қазір олар қайта құрылып жатыр. Олар тау курорты болып жұмыс істей алмайды... Тау кластері жобасына бір жылға 800 мың текше метр су керек. Алматы қаласы бір күнде 650 мың текше метр су пайдаланады, – деді ол.
Жоба авторлары тау кластерін сумен қамтамасыз ету үшін жасанды су қоймасын салмақшы. Александр Руденко жасанды қар жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету үшін су қажет дейді. Ол салынатын су қоймалары жер сілкінісі сияқты табиғи апаттарды ескере отырып салынатынын айтты.
Бірақ жиынға қатысушылардың кейбірі ауқымды тау кластерінің құрылысын былай қойғанда, Талғар ауданының аумағында әлі күнге дейін су, газ сияқты мәселелер толық шешілмегенін айтты.
– Тау шаңғысы курорттарын дамытудың бізге қандай қажеттілігі бар? Бізде онсыз да дамытатын орындар өте көп. Мысалы, Талғар ауданындағы Талқиз тарихи қалашығы. Талқиз Ұлы Жібек Жолындағы теңдесі жоқ орын. Шетелдіктердің барлығы біледі, Қазақстан арқылы Ұлы Жібек Жолы өткенін. Мен Талғарда тұрсам да, туристерді Талқиз қалашығына алып бармаймын. Себебі ол жерде ешнәрсе жоқ. Ол жерде сиыр жайылып жүр және бірнеше миллионға салынған дәретхана бар. Алматы облысында Алтынемел бар. Ол жаққа бару мүмкін емес. Себебі жол жоқ. Сол жаққа жол салыңыздар, ол жаққа су қажет емес, – деді Талғар қаласының белсендісі Айман Жарылқасынова.
Белсенді Бесқайнар ауылында да су мәселесі бар екенін айтты.
– Талғарда су және кәріз құбырларының 90 пайызының тозығы жеткен. Мен бүгін арнай водоканалға звондап, Бесқайнардағы жағдай қалай деп сұрадым. Ол жердегілер маған, Бесқайнарда да су тапшылығы бар екенін айтты. Бұл жағдай жақын аралықта жақсармайды. Электр жарығына байланысты айтатын болсам, егер сіздер төмен немесе жоғары көтерілсеңіздер, бағаналарға қараңыздар. Олар совет заманынан бері жаңармаған. Ол жерде ешқандай жағдай жасалмаған. Сіздер енді барлығын осы жергілікті жағдайға алып келіп қоспақшысыздар, – деді ол.
Қоғамдық талқыға төрағалық еткен Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ануар Әскербеков белсендіге бұл мәселенің барлығын аудан әкіміне айту қажет деді.
– Инфрақұрылымға қатысты проблемалық сұрақтарды аудан әкіміне қоясыздар. Азаматтарды қабылдау регламенті аясында. Қазір сұрақтарды тау кластері туралы қойыңыздар. Тау кластерін дамыту бойынша, болды, – деді ол.
Жан-Пьер Барало Франциядағы тау бөктеріндегі ауылында да курорт кешені салынғанға дейін инфроқұрылым болмағанын айтты. Ол тау кластерінің салынуымен елдімекендегі инфрақұрылым жағдайы да жақсарады деді.
– Мен сіздерді түсінемін, біздің жағдайларымыз ұқсас. Бізде де мэрмен кездесу кезінде өте қызу талқы болды. Бірақ оның [инфрақұрылымның] барлығы келді. Мен сіздердің өмірлеріңіз өзгереді дегенім, мен білемін. Ол біздің салатын құрылысымыздың нәтижесі. Туристер көптеп келеді. Сіздердің инфрақұрылымдарыңыз, суларыңыз, барлығы өзгереді, – деді Барало.
Жоба авторлары тау кластері құрылысы қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейтінін айтты. Осыған байланысты арнайы баяндама да оқылды. Бірақ “уақыт тығыздығына” байланысты ол соңына дейін айтылмады.
Экологиялық белсенді Елена Ерзакович құрылыстың қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасында су мәселесіне байланысты сұрақтарға жауап берілмегенін айтты. Оның сөзінше, жобада су тұтынуға байланысты нақты деректер көрсетілмеген.
– Қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы жобада құрылыстың қандай су қорғау аймақтарын басып өтетіні туралы карта жоқ? Су қорғау аймақтарын пайдалану мәселесі бізде заңмен реттелген. Туристердің табиғи ортаға әсері жобаның қай жерінде көрсетілген? Осыған байланысты қазір ұлттық саябақтағы жүктеме мен аспалы жолдың жүктемесі қайда? Не себепті жаяу жүретін туристердің жүктемесі есептелмеген, – деді ол.
Құрылыстың қоршаған ортаға әсері туралы баяндама жасаған маман бұл сұрақтардың барлығы ескерілетінін алға тартты. Ол бұл мәселелердің барлығы қорытынды есепте көрсетіледі деп сендірді.
Жиынға қатысқан Бесқайнар ауылының тұрғындары тау кластерінің құрылысын қолдады. Олар спикерлерге оның қоршаған ортаға әсері туралы емес, негізінен жергілікті халық үшін аспалы жол тегін бола ма, қандай да бір әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған ба? деген сұрақтар қойды.
Жиын соңында Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ануар Әскербеков қоғамдық тыңдау өтті деп есептелінеді деп мәлімдеді. Бірақ ол кезде талқылауға жиналған халықтың жартысына жуығы залдан шығып кеткен еді.