Жыл сайын Қазақстанда жүздеген бала жоғалады. Ресми дерек бойынша олардың көбі аман-есен табылып, ата-анасына табысталады. Алайда перзентінің мәйітін тапқандар немесе өлі не тірі екенін біле алмай жылдар бойы ішқұсалықпен күн кешетіндер де аз емес.
Ulysmedia.kz тілшісі елімізде жоғалған балаларды іздеу жүйесі қалай жұмыс істейтінін, із-түссіз жоғалғандар санатында қанша бала барын анықтап көрді.
СТАТИСТИКАНЫ СӨЙЛЕТСЕК...
Әлемде із-түссіз жоғалатын балалар саны жылдан-жылға өсіп келеді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Еуропада жыл сайын 70 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала жоғалса, Ресейде – шамамен 10 мың, АҚШ-та – 420 мыңнан астам бала із-түссіз кетеді. Бұл – тек ресми деректер. Ал бейресми мәліметтер бойынша бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары.
Қазақстанда да бала жоғалыпты деген ақпарды екі күннің бірінде естиміз. ІІМ мәліметінше, кәмелетке толмағандардың жоғалу деректері көбіне елдің 5 өңірінде тіркеледі: Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстары.
Мәселен, 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында балалардың жоғалуына қатысты 384 хабарлама түскен, ал 2024 жылы мұндай жағдай 187 болған. Қуантарлығы, барлық жағдайда жоғалған балалар бір тәуліктің ішінде табылып, ата-аналарына қайтарылған. Алматы қаласында да былтырғы жылдың 10 айында жоғалған 197 баланың 179-ы іздеу ашылмай тұрып-ақ, яғни алғашқы тәуліктің ішінде табылған.
Алайда ата-анасы көз жазып қалған бүлдіршіндердің бәрі бірдей үйіне аман оралады деген сөз емес. Күні кеше құтқарушылар Талдықорғанда 7 жасар баласынан көз жазып қалған ата-анаға перзентінің жансыз денесін тапсырылды. Дамуында ерекшелігі бар бүлдіршінді еріктілер, құтқарушылар мен құқық қорғау органы өкілдері түні бойы іздеп, таңға жуық денесін Қаратал өзенінен тапқан.
СЕГІЗ ЖАСАР ЖАННҰРДЫҢ ОҚИҒАСЫ
Жоғалған балалар арасында ұзақ жылдар бойы табылмаған, әлі күнге дейін өлі не тірісі белгісіз бүлдіршіндер де аз емес. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің порталындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда із-түссіз жоғалғандар санатындағы 1926 адамның 9-ы – кәмелетке толмағандар. Олардың ең кішкентайы – 8 жастағы Жаннұр Тұрсынбек. Екінші сынып оқушысы 2026 жылдың 23 наурызында арыққа аяқ киімін түсіріп алып соңынан жүгірген екен. Ақыры тайып құлап, Келес өзеніне ағып кеткен. Оны өзімен бірге ойнап жүрген балалар көріпті. Ауыл халқы арықтың тым төмен салынғанына ашынады. Егер биік орналасқанда ойын балаларының оған шығуы қиындап, қайғылы жағдай болмас еді дейді.
Содан бері құтқарушылар мен сүңгуірлер Келес өзенінің бойын, тіпті Өзбекстан шекарасына дейінгі аумақты және Сырдария өзенінің арнасын мұқият тексеріп шықты. Іздеу жұмыстарына Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері, еріктілер – жалпы саны 120 адам, 15 техника, 2 қайық пен 2 ұшатын аппарат жұмылдырылғанымен, бүлдіршін ақыры табылмады. Бір айдан соң Жаннұрды іздеу жұмыстары ресми түрде тоқтатылды.

Жаннұр Тұрсынбек
Ал баланың анасы күдерін үзбей, күн сайын перзентінің оралуын күтіп отырғанын айтады.
«Есіктен Жаннұр кіріп келетіндей үмітпен, көз жасымен күндер өтіп жатыр», – дейді Жаннұрдың анасы. Ол Президентке жүгініп, 112 қызметінің техникалық мүмкіндіктері мен атқарылған жұмыстың тиімділігіне қатысты сауал жолдағанын айтады.
Баланың ата-анасы үшін алаңдаған журналист Гүлмира Әбіқай да желіде жазба жариялады.
«Енді не болады? Бір жарым ай бойы барлық күш пен техниканы жұмылдырып, бір баланы таба алмаған 112 қызметі іздеуді қайта жалғастыра ма? Баласының тірі не өлі екенін білмей, өмір бойы күту ата-ана үшін өте ауыр сынақ...», – деп жазды ол.
30 ЖЫЛ ТАБЫЛМАҒАН БАЛАЛАР
Өзге өңірлерде де Жаннұрдың анасы секілді есікке телміріп, перзентін күткен әке-шеше көп. Тіпті, 30 жылдан астам уақыт бойы табылмаған балалар бар.
Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің порталындағы мәлімет бойынша, елімізде хабар-ошарсыз жоғалып, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты ресми түрде іздеу тоқтатылған балалардың жалпы саны – 29. Олардың ең үлкені – 1988 жылғы Сергей Руцкий. Ол 1995 жылы, 7 жасында Алматы облысында жоғалып, сол күйі табылмаған. Аман болса, жасы 37-ге толуы тиіс.

Сергей Руцкий
Дәл сол жылы Солтүстік Қазақстан облысында із-түссіз жоғалған Денис Самусь есімді 7 жасар бала да 30 жылдан бері табылмаған.

Денис Самусь
Ұзақ уақыт бойы табылмаған 30-ға тарта баланың ең кішкентайы – 2016 жылы туған Әлихан Бекен. Бүлдіршін 2022 жылы, 6 жасар кезінде Алматы облысында жоғалған. Ата-анасы мен құтқарушылар оны қанша іздегенімен, 4 жылдан бері еш нәтиже шықпаған.

Әлихан Бекен
2016 жылы Абай облысында небәрі 1 жасында жоғалып кеткен Айша Нұрланова есімді сәби де 10 жылдан бері табылмаған.

Айша Нұрланова
ҚАЗАҚСТАНДА ЖОҒАЛҒАН БАЛАЛАР ҚАЛАЙ ІЗДЕЛЕДІ?
Елімізде жоғалған балалардың аман табылуына әдетте полиция мен төтеншеліктерден бөлек, еріктілер де атсалысады. Мәселен, Қазақстанның барлық облыстық және аудандық орталықтарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларында жұмыс істейтін Lider.kz еріктілер қозғалысы көпке мәлім. Ұйым мүшелері хабар-ошарсыз кеткен балаларды іздеу жұмыстарын қалай жүргізетінін, кәмелетке толмағандардың жоғалуына көбіне қандай себептер әсер ететінін, бүгінгі таңда ел бойынша қанша бала іздестіріліп жатқанын Lider.kz іздестіруші еріктісі Наталья Чеховадан сұрадық.
Натальяның айтуынша, ұйымға балалардың жоғалуы туралы хабарламалар үнемі түсіп тұрады.
«Lider.kz статистикасы бойынша биылғы жылдың 1-тоқсанында 39 кәмелетке толмаған бала жоғалған. Бұл олардың барлығы ұзақ уақыт іздеуде болған дегенді білдірмейді, көбіне балалар алғашқы сағаттарда немесе тәулік ішінде табылады, бірақ әрбір өтініш жедел әрекет етуді талап етеді», – дейді ерікті.

Еріктілер қозғалысының өкілі кәмелетке толмағандардың жоғалуына көбіне үйдегі жанжалдар, ата-анамен ұрыс-керіс, өкпе-наз, жазадан қорқу, отбасындағы күрделі жағдай, жасөспірімдік уайымдар себеп болады. Сондай-ақ, баланың адасып қалуы, серуендеуге ескертпей шығып, байланыссыз қалуы сынды жағдайлар да жиі болады екен.
«Алғашқы бір сағатта жедел әрекет ету өте маңызды. Туыстары полицияға хабарласып, бала туралы мәліметтер береді: суреті, жасы, киімі, ерекше белгілері, соңғы рет қай уақытта және қай жерде көргені, кіммен араласқаны, қайда баруы мүмкін – бәрін тәтпіштеп айтады. Өтініш тіркелгеннен кейін полиция тексеруді бастайды, жедел-тергеу тобы шығады, туыстарынан, достарынан, көршілерінен сұрау алынады, бейнекамералар, ауруханалар, аулалар, подъездер, жүріп өткен бағыттар тексеріледі. Осы уақытта еріктілер де қосылады. Біз жоғалған бала баруы мүмкін деп болжанатын барлық жерлерді тексереміз», – деп Наталья іздестіру жұмыстарының тәртібін түсіндірді.
«ӨТІРІК ЕРТЕ МЕ, КЕШ ПЕ АШЫЛАДЫ»
Оның айтуынша, полиция ресми іздеу шараларын жүргізсе, еріктілер ақпараттық және физикалық көмек көрсетеді, бағдарларды таратады, адамдарды жұмылдырады.
«Туыстары баламен арада болған жанжалдарды, хат алмасуларды, араласу шеңберін, кетіп қалудың ықтимал себептерін жасырмауы керек. Кез келген болмашы деректің өзі маңызды болып шығуы мүмкін. Әдетте, туыстардың өтірігі ерте ме, кеш пе ашылады. Бірнеше шақырым жолды артта қалдырған соң еңбекті еш кетірмей, болған жайдың анық-қанығы іздеудің басында мәлім болғаны жақсы», – дейді іздестіруші ерікті.
Наталья Чехованың сөзінше, дәл қазіргі уақытта Lider.kz еріктілер қозғалысы іздестіріп жатқан адамдар тізімінде бірде-бір бала жоқ. Бұған дейін іздестірілген балалардың бәрі аман табылып, туыстарына тапсырылыпты.
«Егер ешқандай жазатайым оқиға болмаса, баланың бәрін дін аман табуға болады. Көбіне олар алғашқы сағаттарда немесе тәулік ішінде табылып жатады. Тәжірибе көрсеткендей, туыстары неғұрлым тезірек көмекке жүгінсе және ақпаратты неғұрлым дәлірек берсе, сәтті нәтижеге жету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – дейді Lider.kz өкілі.
БАЛАЛАРДЫ ІЗДЕУГЕ НЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ?
Ерікті жоғалған балалардың жедел табылуына кедергі келтіретін жайттарды да атады.
«Отбасында болған жанжалдарды жасырып қалу, жалған ақпарат беру, іздеу барысында полициямен келісілмеген әрекет жасау, әлеуметтік желілердегі қауесеттер және ең бастысы – айналадағы адамдардың немқұрайлығы бәрін кері кетіреді. Абайсызда адасып, ата-анасынан көз жазып қалған, айналасынан көмек күткен немесе жалғыз жүруі күмән тудырған баланы байқасаңыз, қасынан бейжай өтіп кетпеңіз. Сіздің жедел реакцияңыз бір баланы қатерден сақтап, бүтін бір отбасының өмірі ойран болмауына көмектесуі мүмкін», – деп түйіндеді Наталья Чехова.