Алматыда заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі басталды. Істі Алмалы аудандық соты қарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
1 мамырда өткен сот отырысында Әділетхан Молдахан өзіне тағылған айыпты мойындады. Іс бойынша Алматы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші деп танылған.
Әділетхан Молдаханның адвокаттары тараптардың медиациялық және процессуалдық келісімге келуіне қатысты өтінішхат түсіріп, сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады. Бұдан бөлек, Әділетхан Молдаханның қамауда ұстау бұлтартпау шарасын үй қамаққа ауыстыруды сұрады.
Прокурор оған қарсылық білдірді. Ал жәбірленуші тарап өтінішхатты соттың қарауына қалдырды.
Сотқа төрағалық етуші судья Ерлан Қасымбек Әділетхан Молдаханды үйқамаққа жіберу туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырды.
Медиациялық келісімге келу өтінішхаты ашық қалдырылып, процессуалдық келісімге келу өтінішхаты прокуратура қарауына жіберілді.
Жәбірленуші Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдіраимов 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын талап етіп, өтінішхат түсірді.
Адвокаттың сөзінше, медиациялық келісім шарттары әлі белгісіз. Сол себепті ашық қалдырылған.
Сот залына журналистер кіргізілмеді. БАҚ өкілдері процесті өзге залдан бақылады.
КОНТЕКСТ
Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған. Блогер 21 наурызда Алматының әл-Фараби даңғылы бойында болған жол апатынан кейін әлеуметтік желіде пост жариялаған. Үш адамның өмірін қиған апатқа қатысты блогер полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алған. Сондай-ақ автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Әділетхан Молдаханның 1 миллионнан аса оқырманы бар. Әлеуметтік желіде көбіне азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша заңгерлік кеңестер айтады.
Жол апатына қатысты сот процесі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Ол туралы мына жерден оқи аласыздар: Үш адамның өмірін қиған жол апаты: Жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім берді