Жамбыл облысының 23 жастағы тұрғыны Алматы халықаралық әуежайы арқылы шамамен тоғыз келі гашиш майын заңсыз алып өткені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Толығырақ
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, қыз 2025 жылдың желтоқсан айында Бангкок- Алматы рейсімен ұшып келгеннен кейін ұсталған. Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері оның жүгін тексеру барысында чемоданынан жалпы салмағы 8 келі 879 грамм болатын есірткі заты – гашиш майын тапқан.
Осы факті бойынша көліктегі полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізді.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, тергеу барысында күдіктінің алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткені және ақшалай сыйақы үшін есірткі заттарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тасымалдауға келіскені анықталған.
«Күдікті өз әрекеттерінің заңға қайшы екенін және оның құқықтық салдарын түсіне отырып, алдын ала сөз байласу арқылы ақшалай сыйақы үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы есірткі заттарын заңсыз алып өтуге, сондай-ақ оларды аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында сақтауға және жөнелтуге келіскен», – деп хабарлады полиция.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.