Ақтөбеде «алаяқтық» бойынша айып тағылып, бірінші сатыдағы сотта ақталып шыққан экс-шенеунік апеляциялық сотта 3 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Ақтөбе қалалық әкімдік аппаратының бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Исембайұлы сот залында қамауға алынды. Апеляциялық сот жер дауымен істі болған шендіні 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Апелляциялық сот экс-шенеунікке қатысты ақтау үкімінің күшін жойды. ИсембайұлыҚылмыстық кодекстің 190-бабының 3 -бөлігі 2-тармағы «алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылды.
Қылмыстық іс кассациялық сотта қаралып, облыстық сот алқасына қайта жіберілді. Осыған дейін сот «әкімдік қызметкерінің кінәсі дәлелденген жоқ» деген шешімге келді. Бірақ прокуратура апеляциялық шағым түсіріп, істі сотқа қайта жіберді. Прокурор жарыссөзде өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқұғынан айырып, 5 жыл мерзімге соттауды сұрады. Соттың бірінші сатысында да дәл осындай жаза сұралған.
– Нұрсұлтан Исембайұлы айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылсын. Мемлекеттік қызметте, ҰҚК, Ұлттық банк, мемлекеттік қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтесін. Сабырованың азаматтық арызы ішінара қанағаттандырылып, 3 млн теңге материалдық шығын, заңды өкіл шығыны 1,5 млн теңге өндірілсін, – деді судья.
Тергеу нұсқасына сәйкес, шенеунік жер телімін рәсімдеуге жәрдемдесу үшін ақша сұраған. Сотта жер алудың смехасы айтылды. Істегі жәбірленуші, сотталушы, куәгерлер де әкімдік қызметкерлері. Жәбірленушінің айтуынша, куәгер арзан бағаға жер алуды ұсынып, 10 млн теңге сұраған.
– 70 сотық жер. Бірінші 3 млн теңгені қолма-қол бердім. Ол ақшаны Исембайұлына кабинетінде қолма-қол бердім. Қалған 7 млн теңгені көлікте бердім. Банкке, бұрынғы күйеуіме берешекпін. Қарапайым адам емес, мемлекеттік қызметкерге сендім. Кейін жер де, ақша да болмайтынын біліп, арыз жаздым, – деді жәбірленуші Салтанат Сабырова.
Жәбірленушінің өзі осыған дейін «пара беру» бабымен сотталған.