×
489.31
568.33
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.31
568.33
6.63

Алмасбек Садырбайдың сотында судья журналистерге аудио-видео жазуға тыйым салды

Алмасбек Садырбайдың сотында судья журналистерге аудио-видео жазуға тыйым салды
ulysmedia.kz коллажы

Қоғам белсендісі Алмасбек Садырбайдың сотында судья Нұрсұлтан Қойшыбаев процестің ашық болуына қарамастан, сот отырысын фото-видеоға түсіруге, аудио жазуға тыйым салды. Ол билік өкілі бола тұра өзін де, прокурорды да түсіруге болмайтынын айтты. Бірақ соттың ашық екенін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.

«ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АЛАҢДАҒАН ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР»

4 маусымда өткен сот процесінде іс бойынша жәбірленуші деп танылған Жетісу, Алматы, Павлодар және Атырау облыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері өздерін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдіріп, өтінішхат түсірді. Олар сотта түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарап, оған жағымсыз пікірлер жазылып, ыңғайсыздық туғызып жатқанын алға тартты. Жеке бас қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты. Өтінішхатты айыптаушы прокурор Әлімжан Санабаев қолдады.

– ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 97-бабы 4-бөлігінде «Куәгердің, күдіктінің, айыпталушылардың, жәбірленушінің және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жеке қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету тәртібі қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңында айқындалған, – деді прокурор.

АДВОКАТТЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Алмасбек Садырбайдың адвокаты Анар Құсайнова өтінішхатқа қарсылық білдірді. Ол ешқандай негізсіз 97-бапқа сүйену жеткіліксіз екенін алға тартты. Қорғаушы «жәбірленушілерге нақты қандай қауіп төніп тұрғанын көрсету қажет» деді.  

– Прокурор 97-бапқа сүйеніп отыр. «Мемлекеттік қорғау» туралы 22-бапта қылмыстық процесті жүргізіп отырған орган қауіпсіздік шараларын тұлғаның ауызша немесе жазбаша өтініші бойынша және өз бастамасымен қабылдайды. Бірақ ол үшін күш қолдану сияқты заңға қайшы әрекеттер болуы тиіс... Егер жәбірленушіге ыңғайсыз болса, онда менің қорғауымдағы адамға одан бетер ыңғайсыз. Ол 2024 жылдың 5 қарашасынан бері қамауда отыр. Сол себепті құрметті сот, мен жәбірленушілерге қатысты қауіпсіздік шараларын қабылдауға негіз жоқ деп есептеймін, – деді адвокат.

СУДЬЯНЫҢ ТЫЙЫМЫ

Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев Қылмыстық процестік кодекстің 98-бабын басшылыққа алып, жәбірленушілердің өтінішхатын қанағаттандырды. Ол журналистерге жәбірленушілерді фото-видеоға түсіруге, аудио жазуға тыйым салды. Кейіннен ол тіпті өзін де, прокурорды да, жалпы сот процесін түсіруге рұқсат етілмейтінін айтты. Бірақ соттың ашық екенін ескертті.

Анар Құсайнова сот шешіміне қарсылық білдірді. Ол бұл журналистердің жұмысына кедергі келтіру екенін айтты.

– Құрметті сот, мен сіздің назарыңызды аударғым келеді. Сіз жәбірленуші өкілдеріне қатысты қауіпсіздік шараларын қабылдауға қатысты қаулы шығару керексіз. Сіз оны жасаған жоқсыз... Сіздің шешіміңіз тағы да хаттамаға ғана ене ме? Мен бұны түсінбедім. Мен түбегейлі қарсымын..., – деді ол.

Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев шешімді орнында отырып қабылдағанын алға тартты.

Сот процесінде жәбірленушілерден жауап алу жалғасып жатыр...

КОНТЕКСТ

Қоғам белсендісі Алмасбек Садырбайға ауылшаруашылығы субсидиясына бөлінген 1,2 миллиард теңге қаржы жымқырды деген айып тағылған. Ол бұған дейінгі сот отырысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Бүгінгі сот отырысында ол залдан шығып бара жатып журналистерге «Сіздер шала жасалған істің куәсі болып отырсыздар... 19 ай бойы мен неғып отырмын қамақта» деді.

Алмасбек Садырбай 2024 жылы 6 қарашада қамауға алынған. Садырбайдан өзге іс бойынша алты адам күдікті деп танылған.

Серіктес жаңалықтары