Астанада кондиционер орнату кезінде биіктен құлаған жұмысшыны құтқарушылар аман алып қалды. Оқиға Есіл ауданындағы Сауран көшесінде болған. Ер адам шамамен 50 метр биікте ілініп қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Ер адам тұрғын үй кешенінің 15-қабаты деңгейінде кондиционер орнатып жатқанда төмен қарай құлап кеткен. Алайда ол ғимараттың сыртындағы металл бекіткішке ілініп, биікте ілініп қалған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жедел жеткен. Құтқарушылар арнайы өрт сөндіру сатысының көмегімен 1990 жылы туған жұмысшыға жетіп, оны жерге аман-есен түсірді.
ТЖМ биікте жұмыс істеген кезде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жарамды жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажетін ескертті.