×
487.76
562.39
6.75
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.76
562.39
6.75

Электромобильдерге 6 айдан кейін жасыл нөмір беріледі

Бүгін, 09:38
Электромобильдерге 6 айдан кейін жасыл нөмір беріледі
Фото: kolesa.kz

Сенат цифрландыру, жеке деректердің қорғалуын күшейту және көлік саласындағы жаңа технологияларды реттеуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Толығырақ

Құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі электромобильдерге арнайы мемлекеттік нөмірлер енгізу. Заң осы жазда қабылдануы мүмкін, бірақ жаңа нөмірлерді бірден беру басталмайды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, бұл жүйені енгізуге қосымша бюджет қаражаты жұмсалмайды. 

«Біз бұл қызметті көрсететін компаниялармен барлық мәселелерді талқыладық. Электромобильдерге арналған арнайы мемлекеттік нөмірлерді жасауға бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейді, өйткені өзгеріс тек нөмірдің түсіне ғана қатысты. Алдын ала болжам бойынша, нөмірдің түсі жасыл болуы мүмкін. Сондай-ақ алты айлық өтпелі кезең енгізу ұсынылып отыр. Осы уақыт ішінде жеткізуші тарап барлық қажетті дайындық жұмыстарын атқарады. Ең бастысы — бұл жаңашылдықты енгізуге бюджеттен ешқандай қаражат жұмсалмайды», — деді ол.

Заң жобасында бұдан бөлек бірқатар жаңалықтар бар. Соның ішінде жүргізушісіз көліктердің қозғалысын құқықтық тұрғыда реттеу және электросамокаттар мен шағын электр көліктерін жолдың жүріс бөлігіне шығармау мәселесі қарастырылған.

Тағы бір өзгеріс — мас күйде көлік басқарған, бірақ жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға қатысты. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігін алу құқығы 7-8 жылға дейін шектелуі мүмкін.

Депутаттардың түсіндіруінше, электромобильдерге бөлек түсті нөмірлер енгізу олардың жолдағы танылуын жеңілдету үшін қажет. Қазіргі камералар мен жүйелер кейде электромобильдерді дәл ажырата алмайды. Бұл ақылы тұрақтарда, зарядтау станцияларында және ерекше қорғалатын аумақтарға кіреберістерде қиындық тудырады.

Серіктес жаңалықтары