Алматының Түрксіб ауданындағы әскери қалашық ешқашан қауіпті орын ретінде саналмаған. Мұнда балалар өздері секцияларға барып, мектепке қатынап, кешке дейін емін-еркін ойнап жүретін. Сондықтан 12 жастағы Абылайдың қаза табуы туралы хабар бүкіл аудан үшін ауыр соққы болды. 10 маусым күні кешке бала танысының қоңырауынан кейін үйден шыққан. Бірнеше сағат өткен соң оның туыстары қайғылы хабар естіген, бала пышақ жарақатынан көз жұмған. Ulysmedia.kz тілшілері марқұмның отбасымен, көршілерімен және жақындарымен сұхбаттасқан.
«Апа, мен қазір келемін»
Сол кеште Абылай үйден бар болғаны 15 минутқа шыққан. Туыстарына тез қайтатынын айтқан, ал әжесіне қоштасарда: «Апа, мен қазір келемін» деген. Бұл оның әжесі естіген соңғы сөздері болды.
Оны кездесуге танысы шақырған. Көп ұзамай балалар әскери қызметкерлерге арналған жатақханаға барған. Дәл сол жерде, кіреберісте шабуыл жасалған.
– Кейін маған қоңырау шалып, немеремнің өліп жатқанын айтты. Оны екі бала өлтірген. Олар бір мектепте оқиды. Немерем алтыншы сыныпты бітірген, ал ол балалар жетінші сыныпта оқиды. Біреуі қоңырау шалып шақырған. Алдымен мойнынан ұрған. Немерем оны пышақпен ұрады деп ойламаған. Алғашқы соққыдан кейін ол айқайлап та үлгермеді. Одан кейін тағы да жарақат салған. Оның денесінде пышақ тимеген жер қалмаған. Мұны жасаған адам жазасын алсын. Егер қазір кешірілсе, ертең кімге не істейтіні белгісіз, – дейді әжесі Саадат.
Өмір мен өлім арасындағы 12 минут
Шабуылдан кейін Абылай әлі тірі болған. Ауыр жарақаттарға қарамастан, ол екінші қабаттан өз бетімен түсе алған. Шамамен 12 минут бойы ол көмексіз жатқан.
– Балам көмек шақыруға да үлгермеді. Ол дәлізде жалғыз қалды. Оны жай ғана өлуге тастап кетті. Ол әлі тірі еді, қимылдап жатты. Ал мен сол кезде не болып жатқанын да білмедім, – дейді анасы.
Тек кездейсоқ өтіп бара жатқан адам жерде жатқан баланы көріп, жедел жәрдем шақырған.
Көршілері Абылайды сабырлы әрі ашық бала ретінде еске алады. Марқұмның әжесімен 30 жылдан астам дос болған Елена оны кішкентай кезінен білетінін айтады. Оның айтуынша, Абылайда ешқашан агрессия болмаған.
– Басында ол өте ұялшақ, жұмсақ бала болды. Сондықтан ата-анасы оны спортқа берген. Кейін ол шынығып, күшейді, ержетті. Бірақ мінезі өзгерген жоқ. Өте сыпайы бала еді. Мені алыстан көрсе, жүгіріп келіп амандасатын. Одан ешқашан агрессия байқаған емеспін. Ол бәрі танитын бала болды. Көшеде үлкен кісіні тоқтатып, хал-жағдайын сұрайтын. Үлкендерді қатты құрметтейтін, – дейді Елена.
Әскери қалашықта ешкім қайғы күтпеген
Баланың қатыгездікпен қаза табуы тұрғындар әрқашан қауіпсіз санаған ауданда болды. Еленаның айтуынша, мұнда балалар еркін жүріп-тұрады: секцияларға барады, балабақшадан бауырларын алып келеді, кешке дейін ойнайды.
– Бұл РВ-90 аумағында, әскери қалашықтағы жатақханада болды. Біз үшін бұл үлкен шок. Мұнда әрқашан тыныш деп саналатын: жанында әскери нысандар, госпиталь, академия бар. Ата-аналар балаларын емін-еркін жіберетін. Сондықтан қазір бәрі таң қалып отыр, – дейді ол.
Қазір күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім қарастырылып отыр. Отбасы оқиға орнында тағы бір кәмелетке толмаған бала болғанын айтады.
– Бізге оны куәгер дейді. Ал біз тергеу әр адамның рөлін анықтауы керек деп есептейміз, – дейді Саадат.
Елена да бұл пікірді қолдайды.
– Қазіргі таңда жауаптан гөрі сұрақ көп. Бұл жай ғана жанжал емес, бұл – өте ауыр қатыгездік. Мұндай агрессияның қайдан шыққаны түсініксіз. Тергеу әділ өтіп, барлық сұраққа жауап беруі керек.
Ulysmedia.kz Алматы қаласының білім басқармасына да жүгінген. Ведомство тек балалардың каникулда екенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынған.
Полиция негізгі күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
– Күдікті арнайы мекемеге орналастырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылар арасында жанжал болып, ол кісі өліміне әкелген. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде, – деді полиция.
Сонымен қатар күдіктінің ата-анасының әрекеттеріне де құқықтық баға берілмек.
Қазір бұл қайғылы оқиғаның қалай болғанын Қорғаныс министрлігі де зерттеп жатыр.
Бүгін 12 жастағы Абылайды ақтық сапарға шығарып салды. Отбасына көпшілік үйінде көңіл айтып жатыр, ал көршілері кешке ғана үйден шығып, қайта оралмаған мейірімді баланы еске алуда…