20 маусымнан бастап еліміздің барлық жоғары оқу орындарында қабылдау комиссияларының жұмысы басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ҰБТ тапсырып, мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер 20 маусымнан бастап өздері таңдаған жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін құжаттарын тапсыра алады.
Мемлекеттік білім беру грантын алуға үміткер талапкерлер үшін гранттар конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде талапкерлер өздері оқуға түскісі келетін білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарын таңдай алады.
“Мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуға өтініштер талапкер таңдаған жоғары оқу орнына қарамастан кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында өтініштерді жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы және eGov электрондық үкімет порталы арқылы онлайн форматта тапсыру мүмкіндігі де қарастырылған”, – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа жоо-ларға 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алатынын айта кеткен жөн.
Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімі 2026 жылғы 10 тамызға дейін жарияланады.
Талапкерлердің назарын шығармашылық және арнайы емтихандарды өткізу тәртібі, білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері, оқу шарттары, жатақханамен қамтамасыз ету және оқуға түсуге қатысты өзге де мәселелер бойынша өздерін қызықтыратын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына тікелей жүгінуге шақырамыз.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.