×
487.02
552.23
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.02
552.23
6.51

Ресейде партия төрағасының орынбасары екі жазбасы үшін 7 жылға сотталды

Бүгін, 11:22
Ресейде партия төрағасының орынбасары екі жазбасы үшін 7 жылға сотталды
Фото: Telegram/Yabloko_press

Мәскеудің Замоскворецкий соты «Яблоко» партиясы төрағасының орынбасары, Мәскеу қалалық думасының бұрынғы депутаты Максим Кругловты «әскери фейктер» ісі бойынша жалпы режимдегі колонияда 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.   

Толығырақ

Саясаткер 2022 жылдың көктемінде әлеуметтік желілерде жариялаған екі жазбасы үшін сотталды. Аталған жазбаларда Ресейдің Украинаға басып кіруі кезінде бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны туралы айтылған.

Бұған дейін Замоскворецкий аудандық сотындағы жарыссөз барысында прокурор Юлия Гузняева саясаткерді 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Ресей Қылмыстық кодексінің 207.3-бабының 2-бөлімі («әскери фейктер» бабы) бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Прокурордың айтуынша, сотталушының кінәсі толық дәлелденген. Оның сөзінше, бұған сотта жауап берген куәгерлердің айғақтары да негіз болған.

«Медиазона» басылымының (Ресейде «шетел агенті» ретінде тіркелген) хабарлауынша, айыптау тарапының куәгерлерінің бірі өзін саясаттанушы ретінде таныстырған Валерий Сомов болған. Алайда кейін оның «Жилищник» мемлекеттік мекемесінің қызметкері екені анықталған. Сондай-ақ сотта «Единая Россия» партиясының «Жас гвардиясы» ұйымының волонтері Алина Матвеева да куәлік берген.

Мемлекеттік айыптаушы куәгерлердің белгілі бір саяси партиялар мен қозғалыстарға қатыстылығы олардың жалған айғақ бергенін білдірмейтінін айтты. Сонымен қатар ол сараптама қорытындыларына сүйеніп, саясаткердің жарияланымдарында Ресей армиясын кемсіту белгілері бар деп мәлімдеді.

Соттағы соңғы сөзінде Максим Круглов өзіне қарсы қозғалған іс пен сот процесі «Яблоко» партиясы мен оның серіктерінің елдегі жағдайға қатысты ұстанымдарының дұрыс болғанын көрсетеді деп мәлімдеді, деп жазады «Медиазона».

«Иә, біз мұны үлкен қайғы деп санаймыз. Көптеген адамның қаза табуын басқаша қалай бағалауға болады?» – деді ол.

Сондай-ақ саясаткер «Яблоко» партиясы жаңа заңдарды сынағанымен, оларды әрдайым қатаң сақтап келгенін атап өтті.