×
487.02
552.23
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.02
552.23
6.51

АҚШ: Украина Ресейге қарсы соғыста жеңіске жетіп жатыр

Бүгін, 14:29
АҚШ: Украина Ресейге қарсы соғыста жеңіске жетіп жатыр
АР

Украина Ресейге қарсы соғыста жеңіске жетіп жатыр. Бұл жөнінде АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Джереми Левин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

24 маусым күні Гданьск қаласында өткен Украинаға арналған түскі жиында сөз сөйлеген америкалық дипломат Джереми Левин майдан даласында Украина әскері басымдықты өз қолына алғанын мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта Украина бұл соғыста жеңіп жатыр, – деді ол.

Іс-шараны Виктор Пинчук қоры ұйымдастырған. Ол Украинаны қалпына келтіру мәселелеріне арналған URC-2026 халықаралық конференциясы қарсаңында өтті.

Левин өз сөзінде Украинаның Ресейдің басқыншылық соғысына қарсы тұрып жатқанын айта келе, қазір майдан даласындағы жағдай Киевтің пайдасына өзгеріп жатқанын мәлімдеді.

– Бұрын Украина қыс мезгілін күтіп, ұрыс қимылдарының бәсеңдеуіне үміт артатын. Өйткені суық ауа райы Ресей әскерінің шабуылдарын баяулататын. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді», – деді Левин.

Оның айтуынша, Украина күштері белсенді әрекет етіп жатыр. Ал Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасау үшін қыс мезгілін күтіп отыр.  

– Алайда бұл бағытта да Украина жағдайды өзгерте алды. Өткен қыста Украинаның өзі Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына соққылар жасады, – деді ол.

Джереми Левин Украина қарулы күштерінің жетістіктері Киев пен оның халықаралық серіктестері арасындағы ынтымақтастықтың жемісі екенін айтты. Ол жақында Францияда өткен G7 саммитінде жасалған уағдаластықты мысалға келтірді.

– Бұл Украина билігінің құбылмалы жағдайларға бейімделе алатынын және соғыста жеңіске жету мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді, – деді Левин.

Сонымен қатар ол АҚШ-тың Ресей мұнайына қатысты санкциялық саясатын қайта қарау мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның сөзінше, Трамп әкімшілігі алдағы уақытта да санкциялық шешімдерді Еуропамен үйлестіріп қабылдайды.

– АҚШ Украинаны қолдауды және Ресейге қысым жасауды жалғастырады», – деді ол.

Оның пікірінше, Киевке көрсетіліп жатқан әскери, қаржылық және саяси қолдау Украинаға майдан даласында басымдықты сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

Контекст

Бұған дейін Францияда өткен G7 саммиті аясында Дональд Трамп Ресейдің Украинамен бейбіт келісімге келуі қажет екенін айтқан.

24 маусымда Владимир Зеленский Украина халқына жасаған дәстүрлі үндеуінде «Егер G7 аясында талқыланған көмекті алатын болсақ, Ресейді бейбітшілікті таңдауға мәжбүр ететін жағдайларды жедел түрде қамтамасыз ете аламыз», – деген.

Кейінгі уақыттары Украина Ресейдің мұнай базаларына дрон шабуылын үдетті. Салдарынан Ресейде жанармай тапшылығы болуы мүмкін екені айтылуда. Алайда ресми Мәскеу мұны жоққа шығаруда.