×
480.72
548.07
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
480.72
548.07
6.14

Қарашығанақтағы өндірістің төмендеуі Қазақстан мұнайының экспортына әсер етті

Бүгін, 13:35
Қарашығанақтағы өндірістің төмендеуі Қазақстан мұнайының экспортына әсер етті
Ulysmedia

Қарашығанақтағы өндіріс көлемінің азаюына байланысты Қазақстан мұнайының Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы экспорты тәулігіне шамамен 100 мың баррельге қысқарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ АЗАЙДЫ

Reuters агенттігінің мәліметінше, шілде айында CPC Blend маркалы мұнайды КҚК арқылы жеткізу көлемі тәулігіне 1,7 млн баррельден 1,6 млн баррельге дейін төмендейді. Бұған Қарашығанақ кен орнындағы мұнай өндіру көлемінің шамамен төрттен бірге қысқаруы себеп болған.

Аталған кен орнынан өндірілетін шикі газ Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытына жеткізіледі. Маусым айының соңында украиналық дрондардың кезекті шабуылынан кейін зауыт қазақстандық шикізатты қабылдау көлемін азайтқан.

Соған қарамастан, маусым айында КҚК арқылы мұнай тасымалы бастапқы жоспардан жоғары болады. Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы осы құбыр жүйесі арқылы жүзеге асады.

Reuters-тің Мәскеудегі бюросының хабарлауынша, Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары келесі жылға шегерілгеннен кейін КҚК-ның маусым айындағы экспорт кестесі 17 пайызға ұлғайтылған.

ОРЫНБОР ГАЗ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Ресейдің Орынбор облысының билігі 24 маусымда ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының біріне дрондар шабуыл жасағанын хабарлады. Кейін бұл нысанның өткен жылы да шабуылға ұшыраған Орынбор газ өңдеу зауыты екені белгілі болды.

Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл шабуылдан кейін Қарашығанақтағы мұнай өндіру көлемі 26,5 пайыз немесе тәулігіне 9 мың тонна қысқарғанын мәлімдеген.

Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Асхат Хасенов 30 маусымдағы жағдай бойынша кен орнындағы өндіріс көлемі әлі де төмен екенін, тәулігіне 28 мың тонна болғанын айтты.

Шабуылға дейін Қарашығанақта тәулігіне әртүрлі бағалау бойынша 31-34 мың тонна мұнай мен газ конденсаты өндіріліп келген.