ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотекалық несиелер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерін айқындайтын бірлескен қаулы қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жаңа мөлшерлемелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарланған еді. Алайда кейін бұл шешім қайта қаралып, күшіне енгізілмейтін болды.
Келесі жылдан бастап ипотекалық несие мөлшерлемесі LTV (Loan-to-Value) коэффициентіне, яғни несие сомасының кепіл мүлкінің құнына қатынасына байланысты белгіленеді.
Қарапайым тілмен айтсақ, алғашқы жарна неғұрлым жоғары болса, банк белгілей алатын ең жоғары мөлшерлеме соғұрлым төмен болады.
Егер LTV коэффициенті 0,7-ден аспаса (яғни алғашқы жарна 30% немесе одан жоғары болса), ипотека бойынша шекті ЖТСМ 20% болады.
Ал басқа жағдайлардың барлығында шекті ЖТСМ 25%-ға дейін белгіленеді.
Бұл көрсеткіштер банктер белгілей алатын шекті мөлшерлемені білдіреді, яғни бастапқы жарна 30% болған жағдайда ипотека 18% жылдық мөлшерлемемен рәсімделуі мүмкін. Ал бастапқы жарна 20% болса, мөлшерлеме 22% болуы ықтимал.
БИЫЛ ҚАНДАЙ ЕРЕЖЕ ҚОЛДАНЫЛАДЫ?
Агенттік бұл өзгерістер тек ипотекалық тұрғын үй несиелеріне қатысты екенін және 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін мәлімдеді.
– 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі 25% болып сақталады, – деп хабарлады агенттік.