×
479.26
546.21
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
479.26
546.21
6.13

Елімізде дәрі-дәрмек бұрын-соңды болмаған қарқынмен қымбаттады

Бүгін, 12:01
Елімізде дәрі-дәрмек бұрын-соңды болмаған қарқынмен қымбаттады
Pixabay.com

Қазақстанда мамыр айында дәрі-дәрмек былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 19,3% қымбаттады. Бұл – 2016 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕМДЕЛУ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

Energyprom.kz сарапшыларының есебіне қарағанда, дәрі-дәрмек еліміздің барлық өңірінде қымбаттаған. Алайда кейбір аймақтарда баға айтарлықтай өскен.

Ақмола облысында дәрілік препараттар бағасы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 28,6%, Солтүстік Қазақстан облысында 27,1% өскен. Ал Батыс Қазақстан облысында, Жамбыл облысында және Жетісу облысында дәрі-дәрмек шамамен 25% қымбаттаған.

Ірі қалаларда баға өсімі салыстырмалы түрде төмен болған: Астанада – 16,9%, Алматыда – 18,2%, Шымкентте – 21,2%.

Ал ең төмен өсім Павлодар облысында тіркелді. Мұнда дәрі-дәрмек бағасы небәрі 7,4% артқан.

Бір жыл ішінде айтарлықтай қымбаттаған кең таралған дәрілердің қатарында Парацетамол бар – оның бағасы 1,5 есе өскен. Корвалол мен Но-шпаның бағасы шамамен үштен бірге артса, Цитрамон П 20,2% қымбаттаған.

Сонымен қатар арзандаған дәрілер де бар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 631 дәрілік препараттың бағасы төмендеген.

Алайда іс жүзінде Қазақстанда дәрі бағасын мемлекеттік реттеу әлсіреп келеді: қазір дәріханалар рецептсіз берілетін 2,5 мың дәрі-дәрмектің бағасын өздері белгілейді.

ЕЛДЕ ДӘРІ ТАПШЫЛЫҒЫ БАР МА?

Сонымен қатар елде дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда өндіріс көлемі 38,3% артқан. Ақшалай есептегенде өндіріс көлемі – 109,5 млрд теңге.

Ең көп дәрі-дәрмек Қарағанды облысында, Шымкентте, Алматы облысында және Алматыда өндірілген.

Алайда Қазақстан әлі де дәрі-дәрмек импортына айтарлықтай тәуелді. Мысалы, витаминдердің импорттағы үлесі 100%-ға жуық. Ал антибиотиктерге келсек, Қазақстан өз қажеттілігінің небәрі 34,3%-ын ғана ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етеді, қалғаны шетелден импортталады.

Дәрі-дәрмек өндіруге қажетті шикізаттың басым бөлігі де сырттан сатып алынады. Сондықтан өндіріс көлемінің артуы импортқа тәуелділікті толық өтей алмай отыр.