Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Нью-Йорк полициясында қызмет ететін этникалық қазақтармен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Кездесу барысында олардың кәсіби жолы, ұлттық болмысты сақтау және тарихи Отанмен байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Сәденов шетелде жетістікке жеткен отандастарымыз Қазақстанды лайық танытып жүргенін және әлемдегі ең ірі қалалардың бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отырғанын атап өтті.
Тараздан шыққан полицей
Сол отандастарымыздың бірі - Нью-Йорк полициясының қызметкері Мирас Бөкешев. Ол 2000 жылы Таразда дүниеге келген, мектепті де сол жақта бітірген. 2018 жылы АҚШ-қа көшіп барып, бес жылдан кейін Нью-Йорк полициясында қызметін бастаған.
Босануға көмектескен полицей
Кездесуге Данияр Нұртаза да қатысты. Ол отбасымен бірге 2002 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. Ал 2014 жылы Нью-Йорк полициясына қызметке тұрған.
Данияр Нұртаза 2015 жылы Нью-Йорктегі метро станцияларының бірінің маңында толғағы қысқан әйелге көмектесіп, оның аман-есен босануына жәрдемдескеннен кейін көпшілікке кеңінен танылды. Оның бұл әрекетін қала тұрғындары жоғары бағалады. Кейін қазақстандық полицейдің өмірі мен қызметі туралы деректі фильм түсірілді.