×
477.11
545.58
6.2
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
477.11
545.58
6.2

Бектенов Алматыдағы ЖЭО құрылысына қатысты қатаң ескерту жасады

Бүгін, 12:01
Бектенов Алматыдағы ЖЭО құрылысына қатысты қатаң ескерту жасады
Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшылығына Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР

Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына электр энергиясын өндіру саласындағы негізгі жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

— Көмір химиясының қолда бар әлеуетін ескере отырып, көмірді қайта өңдеу жобаларына жеке инвестицияларды арттыру жұмысын жандандыруды және әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Экономиканың дамуы елімізді одан әрі индустрияландыру мен цифрландыру, сондай-ақ инфрақұрылымға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды арттыруды талап етеді, — деп атап өтті Премьер-министр.

АЛМАТЫДАҒЫ ЖЭО ҚҰРЫЛЫСЫ

Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылары Алматы электр стансалары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының уақтылы іске қосылуына тікелей жауап беретінін тағы да еске салды.

— «Самұрық-Энерго» компаниясының басшысы, Қайрат Мақсұтов. Өткен аптада энергетика министрі Алматыға барып, екінші және үшінші ЖЭО тексеріп келді. Үшінші ЖЭО бойынша жағдай мәз емес. Жұмыс қарқыны өте төмен. Жылдың соңына дейін бітірмесеңіздер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралады. Күнделікті бақылауға алыңыз, — деп тапсырды премьер-министр.

Сонымен қатар мұнай мен газ өндірудің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында Энергетика министрлігіне барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрлігі Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстары айтарлықтай кешігіп жатқанын мәлімдеген еді. Нысанды тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов станцияның құрылыс-монтаж жұмыстары небәрі 26 пайызға жуық орындалғанын айтты.

Министрліктің мәліметінше, жұмыстардың созылып кетуіне негізгі жабдықтардың уақытында жеткізілмеуі себеп болып отыр. Бұдан бөлек, құрылыс алаңында жұмыс күші мен техника да жеткіліксіз.

Қазір нысанда 600-ге жетпейтін маман жұмыс істеп жатыр. Ал жоспар бойынша олардың саны шамамен 1 600 болуы керек еді.

Жұмыстың кешеуілдеуіне байланысты станциядағы бірнеше маңызды нысанның, соның ішінде тарату құрылғысы мен басқару жүйелерінің құрылысы да уақытынан қалып отыр.

Ақкенженов кестеден қалмау үшін аз уақытта жұмысшылар мен құрылыс техникасының санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, ол алдағы апталарда мердігерлер барлық қажет ресурсты жұмылдырмаса, оларға қатаң шара қолданылатынын ескертті.